Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Жаңа Орлеанада жергілікті музыканттар көшеде концерт қойды

AstanaTV
23.04.2020ж. 20:00
2434
Жаңа Орлеанада жергілікті музыканттар көшеде концерт қойды

Жаңаорлеандық өнерпаздар жабырқаған жергілікті халықты жұбатып, көшенің қақ ортасында концерт ұйымдастырды. Ал Колумбияда қос ғашық жағдай қиын болса да, неке қиды. Пандемияның белең алғанына қарамастан, әлемнің әр түкпірінде тіршілік осылай жалғасып жатыр. Ал дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың ұзаққа созылатынын мәлімдеді.

Тыныштық құшағында қалған Жаңа Орлеан көшелерін жергілікті музыканттар ән мен сазға бөледі. Тұрғындар әншілердің өнеріне тосырқап қалған. Тыңдармандарының сезім пернелерін дөп басқан польшалық скрипкашыға, алғыс айтушылар көбейді. Джаз өнерінің отаны - жанды музыканы сүйеді.

Наоми УИНТЕРС, ТҰРҒЫН:

Өнерпаздардың концерті көңілден шықты. Кітап оқып, ішімдік ішіп тұнжыраған біздің көңілімізді бір серпілтті. Жалпы осындай қиын сәтте олардың көмегі өте әсерлі болды. 

Колумбияда індеттің өршіп тұрғаны бір-бірін сүйген қос жүрекке бөгет бола алмады. Ғашықтардың некелесу рәсімі үйсіз жандарға арналған орталықта ұйымдастырылды. Үйлену тойына 200-ден адам бас қосты. Қонақтар медициналық маска киіп, тұмшаланып келген.

Альфонсо АРДИЛА, МАРКЕШ:

Біріккенде ғана түрлі қиындықты жеңеміз. Бірақ бал айын қайда өткізетінімізді білмейміз. Дегенмен сүйгенім қасымда. Айнала үрей құшағында жүргенде, өзің де жалғыз жабырқайсың. Сол олқылықты толтырғым келді.

Қазір коронавирустың таралу қарқыны бойынша АҚШ көш бастап тұр. Мұнда 842 мың адам ауруды жұқтырған. Ал кеше бір күннің ішінде 2100 науқас көз жұмды. Қытайда қатерлі індеттің екінші толқыны басталып, Харбин қаласына кірер жол тарс жабылды. Сырқат еместігін дәлелдейтін QR-коды бар тұрғындарға ғана көшеге шығуға рұқсат берілген. Ал британдықтарға әлеуметтік қашықтықты келер жылы да сақтауға тура келетіні ескертіліп жатыр. Бұл дайындық негізсіз емес.

Тедрос ГЕБРЕЙЕСУС, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Ауруды жеңуге әлі көп уақыт керек. Өйткені вируспен күрес ұзаққа созылады. Дегенмен оқшаулау шаралары көптеген елде індеттің таралуын азайтты. Бірақ арқаны кеңге салуға ерте. Яғни, эпидемияның кез-келген уақытта қайтадан бой көтеру қаупі бар.

Ал, қиырдағы Колумбияда жас жұбайлар жалпыұлттық карантиннің аяқталар күнді асыға күтіп жүр. Ол 11 мамырға белгіленген еді. 

Е. Карин