Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Маңғыстау облысын дамытуға 34 миллиард теңге бөлінді

AstanaTV
11.05.2020ж. 20:00
2440
Маңғыстау облысын дамытуға 34 миллиард теңге бөлінді

Маңғыстау облысындағы оңды өзгерістер Онды аулынан басталды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша өңірді дамытуға 34 миллиард теңге бөлінді. Бұл қомақты қаржы инфрақұрылым, жол, әлеуметтік нысандар құрылысына, ауыл шаруашылығын дамыту секілді маңызды жобаларға қарастырылған. Осылайша өңірдегі «Онды» секілді ондаған елді мекеннің оңды бейнесі қалыптаспақ. Жарқын өзгерістер күтіп тұрған ауылдың жағдайымен облыс әкімі Серікбай Трұмовтың өзі барып танысты. Тілшіміздің бейнематериалында.

Мың жарымнан астам тұрғыны бар "Ондыны" өзгелерге үлгілі ауыл деуге әбден болады. Отыздан астам шаруа қожалығы бар елді мекеннің өзін-өзі қамтуға барлық мүмкіндігі бар. Ендігісі - ерінбей еңбек ету. Сонда халықты арзан әрі сапалы жеміспен де, көкеніспен де молынан қамтуға болады.

Жәнібек ҚОЖЫҚ, ОНДЫ АУЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жалпы Маңғыстауда жем-шөпті даладан алып келудің қажеті жоқ. Оған қазір теңіз жағасынан 3-4 км жерден жол қазылса, тұщы су 20-25 метрден шығады. Тұздылығы 6 процент. Сол жерде жүгері, тары да, бидай да, бәрін де егуге болады. Сонда біз Маңғыстау ешкімге жалтақтамай, етті де, сүтті де, овощьты да бәрін өзіміз қамтамасыз ете аламыз деп есептейміз.

Бұған дейін басы ауырып, балтыры сыздаған ауылдықтар емделу үшін көрші ауданға жиі қатынайтын. Енді бұл мәселе де шешілді. Құрылысына 140 миллион теңге бөлінген амбулатория салу басталып кетті. Ал дәрігерлер жергілікті мамандардан жасақталмақ.

Серікбай ТРҰМОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Биыл мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен барлық елді мекендерде, өңірлерде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы іске асып жатыр. Биыл бізге 34 миллиард теңге бөлінді.  Қайтарым қаражаты да бар ішінде. Осы қаражатқа сәйкес, барлық ауылдық елді мекенде жөндеу жұмыстары, абаттандыру жұмыстары, жол салу жұмыстары іске асырылып жатыр.

«Ондыдағы» оңды өзгерістермен танысқан облыс әкімі Жармыш аулына да ат басын бұрды. Ауылдағы мәдениет үйінің құрылысы екі жыл бұрын басталғанымен, қаржы жоқтығына байланысты тоқтап қалыпты. Енді «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен 211 миллион теңге бөлініп, құрылыс қайта жалғаспақ. Кітапханасы мен түрлі үйірмелері бар жаңа мәдениет ошағы алдағы қараша айында ел игілігіне беру жоспарланып отыр.

Облыс әкімі ауылға су құбырын жүргізу жұмыстарын да қалт жібермеді. Елді мекенге кіре беріске асфальт төсеуге дайындық жұмыстарымен де танысты. Бұл игі істер «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы атқарылып жатыр.

Е. Карин