Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қарағандыда қараусыз қалған қариялар, апатты "үйшікте" тұрып жатыр

AstanaTV
14.05.2020ж. 20:00
3017
Қарағандыда қараусыз қалған қариялар, апатты "үйшікте" тұрып жатыр

Қараусыз қалған қарттар. Қарағанды қаласында жастары 80-ге аяқ басқан ерлі-зайыпты қариялар апатты «үйшікте» тұрып жатыр. Ескі соман үйлері шіріп, құлай- құлай жермен жексен болған. Қарттар үйдің шұрық тесіктерін киім- кешекпен бітеп, жаңбыр жауса шелек қойып күнелткен. Жатар орындары да жоқ бұл адамдарды кеше ғана еріктілер кездей- соқ тапқан. Қайырымды жандар бұған дейін әкімдік те, полиция, тіпті дәрігерлер де білмеген отбасына баспана алып беру үшін қаржы жинауға кірісті.

Леонид атайдың соман баспанасы үйден гөрі құлаған «үйшікке» көбірек ұқсайды. Төбесі тесік, қабырғалары құлап қалған. 85 жыл бұрын салынған үйден қалғаны - осы. Шұрық тесік. Кейде құм, кейде жаңбырдың суы ағады. Тесіктерді зайыбы Рима екеуі киім- кешекпен бітеп, жаңбыр жауса ыдыс төсеп күнелтеді. Қабырғалар құлай- құлай жататын орын да қалмаған. 

Леонид ВЕРДЮГИН, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен креслода ұйықтаймын. Төсекке жату үшін шешіну керек, ол да проблема аяғым ауырады. Мына жақ қабыра шіріп түсіп жатыр. Төбе де тесік. Жаңбыр жауса тегене қоямыз. Ешкім керек қылмады бізді. Сергей деген ұлым бар, Иркутскіде, Ресейде хабарсыз кеткен. Бізге дәрігер де, участкелік инспектор да, әкімдіктен де тірі жан келмейді.

Леонид атай аяғын үйдің төбесі құлаған кезде мертіктіріп алған. Жастары 80-ге аяқ басқан ерлі- зайыптылар әрең жүріп тұрады. Дүкенге, зейнетақы алуға ғана барып келеді. Қарияларды кеше ыстық тамақ әкелген еріктілер кездей- соқ кездестірген Әйтпесе бұған дейін бұл отбасын әкімдік те, полиция, тіпті дәрігерлер де білмеген. Сөйтіп «Дари добро» қайырымдылық ұйымы жарты тәулікте қыруар қаржы жинапты. Осылайша қараусыз қалған қарттарға үй сатып әпермекші. 

Виктория ПОЛЯКОВА, «ДАРИ ДОБРО» КЛУБЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Бір түнде 1 млн 156 мың теңге жинадық. Бұл үйді жөндеудің еш мәні жоқ, сондықтан жаңа үй салу керек. Мүмкін осы маңайдан басқа үй сатып алармыз. Қариялар осы жерде 55- інші жылдан бері тұрып келгендіктен баспаналарын қиып басқа жаққа көшкілері келмейді. Дегенмен ақылдасып бір шешімге келеміз, әрине ол кісілердің пікірін ескереміз.
 
Әкімдік әлі де үнсіз. Дегенмен қариялардың жағдайы әлеуметтік желілерге тараған соң жергілікті депуттаттар бет бұра бастады.

Юлия БАДИНА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Әлеуметтік жұмыскер тағайындау мүмкіндігі бар. Ол үй шаруасына, тамақ әкелуге көмектеседі.  Әлеуметтік көмек көрсету үшін қарттар медициналық тексеруден өтуі тиіс.  Біз 1- інші емханамен хабарластық, олар келіп екеуін де тексереді.

Қарттарға баспана алу мақсатында қаржы әлі де жиналып жатыр. Арнайы есепшот нөмірі әлеуметтік желілерде таратылуда. Еріктілер қариялар кешікпей жайлы үйге көшетініне сенеді.

А. Қуаш