$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Қарттарым, аман-саумысың?» деген атаумен еліміздің әр аймағында акциялар өткізілді

AstanaTV
02.10.2017ж. 20:00
5009
«Қарттарым, аман-саумысың?» деген атаумен еліміздің әр аймағында акциялар өткізілді

«Қарттарым, аман-саумысың?». Осындай атаумен еліміздің әр аймағында акциялар өткізілді. Халықаралық қарттар күніне орай «Жас Отан» жастар қанаты ұйымдастырған шараға 16 мыңдай белсенді жас қатысты. Акция аясында астаналық жастар Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеде шахмат пен теннистен турнир өткізді. Қарттар үйінде 321 адам тұрып жатыр. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері де бар. Тағдыр тауқыметіне мойымаған жалғызілікті қариялар спортпен шұғылданып, түрлі олимпиадаларға қатысады. Жасотандықтар бұл күні қамкөңіл қарттардың көңілін серпілтуге барын салды.

Қайырберді Кәрімов, қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеменің тұрғыны:

Жастардың қуаты бізге беріліп жатыр. Біз өте көңілмен, серпіліп, үлкен қуанышқа жеттік. Соған рахмет!

Әйгерім Серікжанова, "Жас Отан" жастар қанатының баспасөз хатшысы:

Аталарымыз бен апаларымыз өзіміздің ұлттық кодымыздың, мәдениетіміздің, салт-дәстүріміздің тасушылары болып табылады. Осы орайда біз жастар ол кісілерді құрметтеп, осы кодты өзімізге алу мақсатында, ол кісілерден үйрену мақсатында «Қарттарым, аман-саумысың?» акциясын жүзеге асырып жатырмыз.

«Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының қызметкерлері де қарттар үйіндегі зейнеткерлерді мерекемен құттықтады. Іс-шара партияның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында ұйымдастырылды. «Қарттарым, аман-саумысың?» деп аталған акцияға дәрігерлер де үн қосты. Олар қарияларды тегін медициналық тексерістен өткізіп, кеңестер берді. Ал, «Жас отан» жастар қанатының белсенді әрі өнерлі жастары қариялар сүйіп тыңдайтын әндер мен күйлерді орындады. Партиялықтар қарттарға тек мерекеде ғана емес, ұдайы назар аударып отыратынн жеткізді.

Ақылбек Сақиев, «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының бөлім меңгерушісі:

50-ге жуық жасотандықтар 40-тан аса жалғызбасты қартар мен тыл ардагерлерінің үйлерінде күзгі егін, бау-бақша орындарын жинаудан, қалдықтарды жинаудан, тұрмыстарын реттеуге қолғабыс етуде. Бұл шара жыл бойы жүргізіліп келеді.