Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Топан судың жайылуына жол берген шенділер жауапсыз қалмайды

Топан судың жайылуына жол берген шенділер жауапсыз қалмайды

Шымкенттегі Елтай тұрғын алабын топан су басуына жол берген шенділер, жылы орнымен қоштасуы мүмкін. Қала әкімі алпыс отбасын түн жарымында сенделтіп қойған селдің алдын алмағандар жазасыз қалмайды деді. Еске салайық, 13-мамыр күні толассыз жауған жауыннан Түркістан облысына қарасты үш бірдей ауданның халқы да үйлерін тастап шыққан болатын. Аудан ауылдардағы бүгінгі жағдайды әріптесім Айзада Төребекқызы баяндайды.

Түркістан облысында нөсер жауынның салдарын жою жұмыстары қызу жүріп жатыр. Арыны қатты өзен Төлеби ауданындағы төрт бірдей көпірді шайып кеткен еді. Бұдан бөлек облыстық маңызы бар алты авто жол бүлінді. Топан су Қасқасу елді-мекеніндегілердің күніне жарап тұрған ауыз су құбырларын да жұлып кетіпті.

Ролан ИБРАГИМОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Қазіргі таңда облыстық маңызы бар жолдардағы жол жиегін қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Одан бөлек Қасқасу елді-мекеніндегі шайылған құбырларды қалпына келтіру мақсатында тиісті техникалардың бәрі жұмылдырылды,материалдар жеткізілді.


Оқиға орнында жұмыс істеп жүрген мамандар қазір өткел ретке келтіріп, ауылдардың байланысы ашылғанын мәлімдеді. Ал қысқы демалыс аймағына апаратын көпірге едәуір зақым келгендіктен бюджеттен қаржы сұраған. Өңірдегі Қазығұрт пен Бәйдібек аудандарында да нөсер жауыннан халық әбігерге түсті. Соңғы мәлімет бойынша бір ғана Төлеби ауданындағы алты елді-мекенде 73 үйге су кірді. Шығын көлімі әзір белгісіз.

Табиғаттың мінезінен Шымкент қаласына қарасты Елтай тұрғын алабының халқы да зардап шекті. лпыс үйдің ауласына су кірді. Үш жүзге жуық тұрғын эвакуацияланды. Қырдан аққан судың арыны қаттылығы сонша үлкен тау тастарына дейін аулаларға ағызып әкелген. Тұрғындар мұндай жағдай алпыс жылда болмағанын айтты.
 
Мансұрхан БАБАШЕВ, ЕЛТАЙ ТҰРҒЫН АЛАБЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Су почти екі метрге шейін барды. Сөйтіп үйдегілерді ертерек, адамдар келіп, спасательдер шығарып, сонымен осындай болып тұр ғой енді. Талдарды да жұлып әкелді, бәрін жұлып әкелді ғой су. Тасқын өте қатты болды.

Гүләйім ТҮРЛИЕВА, ЕЛТАЙ ТҰРҒЫН АЛАБЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сағат алтыдан келді су келді, білмейміз қалай келгенін өзіміз де. Түнімен ұйықтаған жоқпыз, әйтеуір жүрдік.

Күні кеше Елтайлықтарды басқа қонысқа көшіру жағы қаралуы мүмкін екенін айтқан шаһар басшысы, аудан әкімі мен төтенше жағдай департаменті бастығына шүйлікті.

Төтенше жағдай департаментіндегілердің бүгінгі мәліметінше Елтай тұрғын алабында жарамсыз хәлге түскен үйлер жоқ. Елді-мекендегі 38 үйге зақым келген. Дегенмен ол баспаналарға жөндеу жұмыстарын жасаса жеткілікті деді. Ал құлаған 12 қора-қопсының құжаты болмағандықтан өтемақы төленбейді. 

А. Төребекқызы