Ауыл шаруашылығы министрлігі Шымкент қаласындағы аумақтық инспекцияның жұмысын тексеруді қолға алғанын хабарлады. Жаңалықтарымызда Ресей мен Беларусь елін бетке алған дихандардың фитосанитарлық сертификат үшін жолдан қалғанын айтқанбыз. Әріптесім Айзада Төребекқызы мәселенің түйткілін іздеп көрді.
Көкөніс артқан жүк көлігінің жүргізушілері мен дихандар бүгін Шымкенттегі аумақтық инспекцияның алдына жиналды. Сөздеріне сүйенсек уәде етілген сертификатты, әлі алмағандары бар.
Рамис СҮЛЕЙМАНОВ, ЖҮК КӨЛІГІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ:
Бүгін екі күн болады тұрғаныма. Дүйсенбі таңертең артып шыққанмын. Сертификат беру үшін кеше таңертең көріп кеткен, бүгін кешке дайын болады деп отыр. Екі машинамның біреуі ғана жолға шықты. Екіншісін әлі күтіп отырмын. Тиеген пиязымды тезірек жеткізбесем қиын болайын деп тұр.
Шетелге шығарар өнімінің сапасын растайтын құжатті күткен көліктердің ұзын саны кеше қырыққа таяу еді. Бүгін бірәзі жолға шыққанмен, өтінім тастағандардың қатары тағы артыпты. Таңертеңнен тағы 261 өтінім түсіпті. Барлығы негізінен қырыққабат, пияз, болгар бұрышын тиегендер. Тез бұзылатын тауарды тездетіп жеткізбесек болмайды деп шырылдаған жүргізушілер, аумақтық инспекция басшысынан сертификатты тездетуді талап етті.
Ал инспекциядағылар Шымкент бойынша жауапты небәрі төрт маман қал қадірінше жұмыс істеп жатқанын көлденең тартты. Құжаттың кешеуілдеуінің бір себебін базадағы кідірістен, деді.
Әбдібақыт МАҚҰЛБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯ БАСШЫСЫ:
162 кеше заявка түсті ия, соның 84-ін бердік. Бүгін заявкалар одан көбейіп кетті. Бірақ біз бүгін тағы да соны түске дейін 100ге жақындап қалдық. Бүгінгі келгендердің барлығын, көбісін кеше досмотр жасап қойды. Қалғанын бүгін таңертеңнен бастап кешегі «Дала транстың» алаңына біздің бір қызметкеріміз сол жерде отыр таңертеңнен бастап.
Алайда көлік жүргізушілерінің кейбірі әлі инспекторды көрмедік деді. Айтпақшы, көкөніс артқандардың дені Мақтаарал ауданынан жолға шыққандар. Неліктен олар тиісті құжатты Шымкенттен алады деген заңды сұрақ қылтиды. Сөйтсек ауданда фитосанитарлық сертификат беру шектеулі көрінеді.
Ділдәбек БЕКЕТАЙ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:
Мақтааралда мысалы күніне он сертификаттан артық шығармайды. Лимит қойып қойған. Сол себепті шыққанын сол жерден аламыз, шықпағандарды осы жақа амал жоқ тастап жатырмыз. Ол жақтан ала алмай жатырмыз.
Дихандардың мәселесін көтеріп жүрген қауымдастық төрағасының білуінше бір ауданға бір ғана инспектор белгіленген. Ал бір Мақтаарал ауданының өзінде күніне 300 көлік жолға шығады.
Есей ШАЛАТАЕВ, «ЖОҒАРҒЫ КЕҢЕС» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бір бір инспекторға 35 сертифиткаттан беріп қойған қолдарына бір күнде бересіз деп. -Бұл мәселені көтергенсіз ба бұған дейін?-Бұл мәселені талай мәрте көтергенбіз. Мәселе шешілмеген. Жоғарыға комитеттің төрағаларына даже министрге де шыққанбыз хатпен.
Аумақтық инспекциядағылар да осы мәселені көтеріп отыр. Яғни шетелге шығар өнімнің сапасын растайтын маңызды құжат жергілікті жерде рәсімделсе мұншалық шу болмас еді дегенді айтады.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Әзірге шымкенттіктерге көршілес Жамбыл мен Түркістан облысынан бүгін бес маман көмекке келіпті. Егер базада қиындық туындамаса құжаттарды тездетіп бере бастаймыз деп отыр.
А. Төребекқызы