Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Солтүстік Қазақстан облысындағы Бескөл ауылында баспана дауы туды

AstanaTV
22.05.2020ж. 20:00
2575
Солтүстік Қазақстан облысындағы Бескөл ауылында баспана дауы туды

Солтүстік Қазақстан облысындағы Бескөл ауылында баспана дауы туды. Тұрғындар әбден тозығы жеткен екі қабатты үйге алаңдап отыр. Айтуларынша, сан мәрте сыр берген нысан күндердің күнінде тас талқан болып қирауы мүмкін. Жұрт әкімдік өкілімен кездесіп, бар базынасын төгіп салды. Бұдан нәтиже шыға ма? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин мәселеге үңіліп көрді.

Бескөл ауылы тұрғындарының жанайқайы бұл. Фурманов көшесінің бойында тұрған қос қабатты баспана жарты ғасыр бұрын бой көтерген. Соңғы он жылдың ішінде қабырғасы үш мәрте құлаған екен. Тұрғындар тесілген жерін өз күшемен жамап отырыпты. Енді ескіні жөндеп, есі кеткен жұрт биліктен қол ұшын созуды талап етіп отыр.

Гүлнәр ТЕМІРБЕКОВА, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үйдің қабырғасы алғаш рет 2010 жылы құлады, кейін 2017 жылы қайталанды. Әкімдік зерттеу жүргізіп, көмектесеміз деді. Оларды екі жыл тостық. Нәтиже болмаған соң, өзіміз жөндедік. Мен балаларым үшін алаңдаймын. Басына кірпіш құламасын деп,  ылғи солардың соңдарынан жүрмейсін ғой.


Раушан Тілеукина бұл үйге 2014 жылы көшіп келген. Бірден үйге көрік беріп, қоныс тойын тойлапты. . Алайда, уақыт өте келе қабырғалары дымқыл тартып, қария өкпе дертіне шалдыққанын айтады.

Раушан ТІЛЕУКИНА, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үй сырость, суық. Пеш түтіндейді, оны жөндей алмаймыз. Өзім жалғыз тұрам. Обойды ауыстырғанмен, ол сыростьтан түсіп қалады. Отоплениені істейміз олар былтыр айтқан, тағы істеген жоқ. Осылай қиналамыз. Жаңбыр жауса, үйге кіреді.

Баспананың әбден тозығы жетсе де, күні бүгінге дейін апаттық деп танылмаған. Ол үшін арнайы комиссия шақыртып, үйдің ахуалын бағалау керек дейді, шенеуніктер.

Алексей ЮРГЕЛЬ, СҚО ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ БЕСКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ережеге сәйкес комиссияның шығынын тұрғындар көтеруі керек. Бұл жұмысқа біз де септесеміз. Бірақ ол апаттық деп танылғанмен, Қызылжар ауданының ортатылығы Бескөл ауылында тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы жоқ. Себебі бізде апаттық үйлер тіркелмеген.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Қос қабатты баспананың құжаты реттелген соң, Қызылжар ауданында алғашқы апаттық үй пайда болады. Артынша билік тарапы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағларламасын енгізу жолын қарастырмақ. Бұның өзі ұзаққа созылатыны белгілі. Сондықтан бюрократиялық мәселелер шешілгенше  бұқараның қауіпсіздік үшін алаңдаудан басқа лажы жоқ көрінеді.

А. Құрманкин