Алматының іргесіндегі блок-бекеттердің бірінде екі полицейді өлтіріп, тағы біреуін ауыр жаралаған күдіктіге қатысты тың деректер пайды болды. Жантүршігерлік жол көлік апаттын жасаған адам, құқық қорғау саласында қызмет кеткен. Жергілікті полиция мұны растады. Тек жуырда ғана қызметіне немқұрайлы қарағаны үшін жұмыстан босатылғанын жеткізді. Бірақ марқұмның жақындары ресми ақпаратпен келіспейді. Тараптарды тындаған әріптесім Әсем Лесбектің репортажы.
Мына кадрларда елдің қабырғасын қайыстырған апаттың орын алған сәті түсіп қалған. Блок-бекеттегі бақылау бейнекамераларына жазылған бұл таспаларды, жалпақ жұртқа құқық қорғау органдары емес, желі қолданушылары таратты. Тіпті қанды оқиғаға кінәлі адамның полицей екені жазылған, мынадай хабарламар да тарады. Жазбаларға қатысты қалалық департамент жауап берді.
Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
БМВ маркалы автокөлікті жүргізген 1994 жылғы туған азаматтың бұрын Құқық қорғау органдарымен байланысы болған. Алайда ол міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін жұмыстан шығарылған. Бұрын погон киген, 6 жыл полицияда жұмыс істеген қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін төрт рет тәртіптік жаза алды.
Бірақ, полиция департаменті ішімдік ішіп, көлік басқарған экс-әріптестерінің қашан жұмыстан кеткенін нақталамады. Десе де марқұм Дастан Әбдіқановтың жұбайы әлеуметтік желі арқылы, ресми ақпаратты жоққа шығарды.
INSTAGRAM:
«Блок-бекеттің ойранын шығарған BMW жүргізушісі бұрын полицияда жұмыс істеген» - деген ақпарат жалған ақпарат. Ол қазір де сонда қызмет жасап жүр. Менің күйеуім Дастанмен бірге түңгі ауысымға шығып жүретін. Өз қолыммен екеуіне тамақ беріп жұмысқа шығарып салғанмын. Өтінемін, шындықты айтыңыздар! Керемет әке, жақсы отағасын өлтірген қандықолды бүркелемеңіздер, бұлай!
Осылай деген марқұм полицейдің жары бүгін отағасын жер қойнына тапсырды. Дастан Әбдіқановты жақындары ақтық сапарға шығарып салды.
Мемлекет басшысы қаза болған екі полицейді де «Айбын» орденімен марапаттады. Дегенмен екі отбасын қара жамылтып, шаңырағын ойран еткен күдіктіге қатысты заңгердің айтар өз уәжі бар.
Жангелді СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚОРҒАУШЫ:
Менің ойымша, тергеу жұмыстарында бір шикілік бар. Қылмыстық кодекстің 99- бабында, қылмыс белгілі бір мақсатпен жасалуы мүмкін екені қарастырылған. Яғни, күдікті ішімдік ішіп көлікке отырды, өзі соғылған патрульдік көлікте адамдар отырғанын білді деп ойлаймын. Демек, ол қылмысты әдейі жасауы мүмкін немесе істеп жүрген ісіне есеп бермеді.
Айта кетейік осы жантүршігерлік апатта тағы бір полицей оңбай жараланған еді. Ол сол сәтте бекеттен әрі-бері өткен көліктерді тексеріп тұрған. Оның қалай жараланғаны әзір белгісіз. Қазір оның өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер тер төгуде. Басынан ауыр жараланған полицейге ота жасалыпты.
Ерлан ТҮБЕЛБАЕВ, № 7 ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ НЕЙРОХИРУРГЫ:
Науқастың жағдайы тұрақты ауырлықта. Бүгін бас-миына компьютерлі томография жасалынды. Науқас өкпе желдету аппаратында. Жансақтау бөлімінде қарқынды ем жүргізуде.
Департамент өкілдері, қазір қос отбасының қара жамылуына себеп болған жүргізуішінің қамауда екенін айтты. «Адам өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін.
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:
Естеріңізге салсақ, кеше Көксай ауылындағы блок-бекеттердің бірінде жантүршігерлік жол апаты болып, екі полицей қаза тапты. Сол сәтте көлік ішінде болған 42 жастағы полицей Жарас Жанғазиев оқиға орнында ал, оның әріптесі Дастан Әбдіқанов аурухана төсегінде көз жұмды.
Ә.Лесбек