Елордада 30 нысан каратин режимін бұзған. Ереже талаптарын орындамаған тағы біреуі жұмысын тоқтатқан. Бұл туралы сауда орындарына рейд жүргізген қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы хабарлайды. Мамандар астанадағы 70-тен астам сауда үйіне тексеріс жүргізген. Шағын мейрамханалар мен дәмханалар қайта ашылған күннен бастап, мониторгингтік топтың да жұмысы күшейтілген. Олар адам көп жиналатын жерлердің санитарлық талаптарын жіті бақылауда ұстаймыз деп отыр.
Азамат РАШИТОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ӘКІМДІГІНІҢ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
4 күн ішінде 70-ке жуық нысанды тексердік. Аса өрескел қателіктер байқалмайды. Дегенмен жалпыға ортақ ережелерді бұзған 30 дерек тіркелді. Біз мекеме басшылығына ескерту жасадық. Ескертулерді ескермесе нысанды жауып тастауға да құқығымыз бар. Бір мекеменің жұмысын тоқтатуға тура келді.
Алматы ауданы Қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының өкілдері сауда нысандарына қандай талап қойылатынын түсіндірді. Келушілер мен жұмыскерлерде міндетті түрде медициналық маска болуы шарт. Әрі тұтынушылардың дене қызуын өлшеп, антисептикалық құралдармен қамту жеткілікті деп отыр. Басқарма маманы қаланың төрт ауданында төрт бақылау тобы жұмыс істейтінін айтты. Енді ескерту берілген нысандарды, қайта тексеруді жоспарлап отыр.
Ғ. Өтемісов