Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Браконьерлер құратын капрон ау балықты қырып барады.

AstanaTV
30.09.2017ж. 20:00
3840
Браконьерлер құратын капрон ау балықты қырып барады.

Бала күнімізде әкем асқан балықты, біздің жақта балықты ет сияқты асады, көбірек жеңдер дейтін. Миларың жақсы жұмыс істейді деп. Біз әрине, қып-қызыл ғып қуырғанын ұнатамыз. Әйтеуір балық жеңсік ас емес етін. Қазір... Адам жылына 20 келіден көп балық жеуі керек екен, қазір соның жартысын да тұтынбайтын болыппыз. Еріншектікті былай қойғанда, бір себебі - өзен-көлдердегі балық қорының азаюы. Браконьерлер тонналап балық ұрлап ғана қоймайды, Қытайда шыққан капрон ауды пайдаланады екен, ол арзан, сондықтан кейде ерініп, жинамай да кетеді. Ал оған түскен балық босқа қырылады. Батыс Қазақстан облысындағы жағдайды Еркін Карин баяндайды.

Еркін Карин, тілші:

Ғалымдардың дерегінше, адам баласы жылына 22 келі балық жеуі керек екен. Өйткені балық етінің құрамында өзге тамақ түрлерінде кездеспейтін дәрумендер мен пайдалы заттар өте көп. Бірақ бал татыған бекіре кеспесі екінің біріне бұйырмасы анық... Ал астарыңыз дәмді болсын!

Алайда мамандар еліміздегі балықты тұтыну деңгейі қалыпты мөлшердің жартысына да жетпейтінін айтады. Өйткені адамдар балықтың тойымды, әрі пайдалы тағам екенін ескермейді. Әзірге балық аптаның бір күнінде мектеп асханаларында ғана беріледі. Бұған да шүкір...

Құрманай Қадырқұлова, аспаз:

Біз әр бейсенбі сайын балаларға ас мәзірі бойынша балық өнімдерін береміз. Соның ішінде балықтан жасалған котлет, буға піскен, суға піскен, неше түрлерін береміз. Балық өнімдері балалардың өсу қабілетін, сүйегінің жетілуіне пайдалы. Және ойлау қабілетіне де өте пайдалы. Біз ата-аналарға айтатын кеңесіміз – балалардың тамағына балықты жиі қосып тұрсын дейміз.

Бірақ адам ағзасы үшін бұл да жеткіліксіз. Өйткені балықты күн сайын жесе де, артық етпейді. Дастарқанынан балық үзілмейтіндердің бірі - Жұмахмет Үмбетьяровтің қолынан қысы-жазы қармақ түскен емес. Алпысты алқымдаса да, балыққа жиі барып тұрады. Кәнігі балықшы жердің шалғайлығына, күннің суығына қарамастан, су жағасында қона жатып аулайды. Өйткені өзі ұстаған балықтың дәмі бөлек.

Жұмахмет Үмбетьяров, балықшы:

Балық аулағанда құрал жоқ болды ғой бұрын. Түйреуіштен қармақ жасайтын еді, қазір неше түрлі құрал бар. Кәсіпқой боксшы деген сияқты, қазір кәсіпқой балықшылар көп қой. Судың бойына барсаң, орыстар қаптап жүреді. Өмірімде көрмеген құралдары бар. Мен бір барғанда 7000 теңгенің бензинін жағып барып-келем. Ал мен 7000 теңгеге базардан біраз балық алам. Бірақ өлген балық маған қызық емес. Өзім барып, қармағым мен ауыммен жайлап барып ұстағаным жақсы.

Су астындағы балық таусылмастай көрінсе де, бұрынғыдан әлдеқайда сиреген. Өзен-көлдерді жалға алып, балық шаруашылығымен айналысушылар осылай дейді. Олардың сөзінше, балықтың кейбір түрлері күрт азайып кеткен.

Михаил Марченко, кәсіпкер:

Жасыратыны жоқ, балық көп жерде жөн-жосықсыз ауланады. Әрі оны қалпына келтіру үшін жасап жатқан жұмыстары да көңіл көншітпейді. Осы келеңсіздікке жол бермеу үшін «Қорғаушы» ұйымын құрдық. Енді суқоймалардағы балықтың мөлшермен аулануын бақылап, қалпына келтіру жұмыстарын қатаң бақылаймыз. Бұл үшін құзырлы органдармен күш біріктірдік.

Михаил Марченконың ұйым құруы тегін емес. Балық емес, бақа толы тоғанды осыдан 6 жыл бұрын жалға алып, қазір аумағын 100 гектарға дейін ұлғайтқан. Кейін Ресейден өсімтал балық түрлерін әкелген. Қазір мұнда балықтың оннан астам түрі бар. Шабақты сырттан тасымайды, өздері сататын дәрежеге жеткен. Балығы мол жерге балықшы да құмар. Қазір мұнда әуесқой балықшылар арасында түрлі жарыстар өткізіледі. Бірақ суқойма егелерінің бәрі бірдей табиғатқа жанашыр емес.

Қайрат Ыбыраев, БҚО орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының бөлім басшысы:

Облыста жыл сайын 409 тонна балық аулауға лимит берілген. Бірақ осыны асыра пайдаланатын кәсіпкерлер бар. Өзенге шабақтарды жеткілікті дәрежеде жібермейді. Балық азығынан да қаржы үнемдейді. Осының кесірінен кейбір суқоймалардағы жағдай мәз емес. Қазір осындай үш-төрт шаруашылық анықталды. Олардың біреуімен келісімшартты бұзып, меншігіндегі тоғанын мемлекетке кері қайтарамыз.

Бірақ облыстағы 200-ге тарта өзен-көлдің бәрін бақылап, браконьерден қору мүмкін емес. Себебі қадағалайтын инспектор саны 11 ғана. Мұны жақсы білетін браконьерлер әрине,айылын жимайды. Жыл басынан бері заңсыз балық аулаудың 170 дерегі анықталып, құралдары тәркіленіпті. Оның ішінде:

4 жүзу құралы

5 тонна балық

38 шаян аулайтын тор

1185 ау тәркіленген.

Балық үшін бәрінен бұрын қытайлық капрон ау өте қауіпті. Бағасы арзан болғасын, ауды қарауға ерінгендер жинамай, тастап кетеді. Ал ауға шырмалған балық босқа қырылады.

Валерий Савоськин, БҚО «Қорғаушы» спорттық балық аулау бірлестігінің төрағасы:

Браконьерлер түгілі, мемлекет сеніп тапсырған суқоймалардың иелері де өз меншігіне жанашырлықпен қарамайды. Енді осы қытайлық ау сатылатын дүкендерді тексереміз. Мақсатымыз - осы аудың сатылуын тоқтату. Әйтпесе балықты қырып бітеді.

Соңғы жылдары мұндай шара Оралда дәстүрге айналды. Жыл сайын қала күні қарсаңында бекіренің шабақтары суға жіберіледі. Бұрын Жайық бойын өрлей жүзген бекіре уылдырығын шашу үшін Оралға дейін жететін. Қазір Атыраудан аспайды. Дегенмен мамандар суға жіберілген бекірелердің көбейерінен үміттенеді. Бірақ бар болғаны 45 шабақпен кәрі Жайықтың «жыртығын» жамай алмайсыз, мұның теңізге тамған тамшыдай - елеусіз болары анық.

Еркін Карин, Наурыз Халит, «Біздің Уақыт».