Еліміздің солтүстігінде өрт пен судан қаза тапқандар көбейген. Қостанай облысында бір аптаның ішінде 5 адам суға батып, үш адам тірідей жанып кеткен. Ал, Петропавлда да тілсіз жаудан көз жұмғандар бар. Адамдар неге мамандар ескертуін елемейді? Өрт пен судан келетін қауіп жөнінде өңірдегі тілшілер өрбітеді.
Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:
Тобыл өңірінде өрт өршіп тұр. Өткен аптада аймақ көлемінде 41 жағдай тіркелген. Негізгі себептердің бірі электр сымының тұйықталуы. Алайда мамандар терек ұлпасын тұтатын тентектер мен темекі тұқылын тастай салатындардың салдарынан да өрт жиілеп кеткенін айтады.
Мамырдың алтысы күні Лисаков қаласындағы саяжайлардың бірінде өрт шығып, 35 шаршы метрді шарпып өткен.Үйдің ішіндегі үш адам қызыл жалынның құрбаны болды.
Азамат ОРЫМБАЕВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Осы саяжайларда профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Өрттің себебі жаңағы отпен абайсыздықтан және темекі шекеннен деген болжам қойып отырмыз.
Қанша ескерту жүрсе де қауіпсіздік ережелерін елемейтіндер көп. Соңғы 5 айда ғана облыста үш жүзге тарта өрт оқиғасы тіркелген. Оттан 12 адам қаза тапты.
Азамат ОРЫМБАЕВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жаңағындай балалардың тентектігі бар ойнап жаңағындай жағып жібереді. Одан кейінгісі мынау үлкен адамдар өтіп бара жатып темекіні лақтыра салады сөндірмей. Содан автокөліктің жануы да тіркеліп отыр. Өткен аптада 7 оқиға тіркелді. Оның бесеуіне жаңағындай терек лүпілінің себебі болып отыр.
"Отпен ойнаған" тұрғындар әкімшілік жауапқа тартылуда. Өңірде жиыны 37 адамға айыппұл салыныпты. Жауапқа тартылғандар арасында балықшылар да бар.
Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:
Айта кетейін, өткен аптада 5 адам суға батып қайтыс болды. Екеуі балық аулауға барған еді. Аптап ыстықта айдын көл, ағынды өзенге асыққан тағы 3 адам ажал құшты. Марқұмдар рұқсат етілмеген жерде шомылған. Соңғы уақытта суға кеткендер саны іргелес Петропавл жақта да жиілеп кеткен көрінеді. Аймақтағы ахуалды әріптесім Абзал Құрманкин айтып бермек. Абзал.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Иа Заңғар, Солтүстік Қазақстан облысында шомылу маусымы енді ғана ашылса да, бірнеше күннің ішінде үш адам суға батып үлгерген. Кеше ғана Ғабит Мүсірепов ауданында қайғылы жағдай орын алды. Есіл өзенінде тынығуды көздеген бір отбасы ресми жағажайда емес, содан 300 метр қашықтықтағы суға шомылған.
Алысқа кетіп қалған қыз бен ұл баланы әкелері құтқармақ болады. Ер азамат балақайларды тереңдіктен алып шыққанымен, өзі қатты ағынға шыдас бере алмады. Тұла бойынан әл кеткен отағасы өкінішке қарай батып кетті. Бір тәулік бойы маңайды шарлаған сүңгуірлер марқұмның мәйітін бүгін ғана тапты.
Нұрлан АТЫҒАЕВ, СҚО ТЖД БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Екі баласы аман қалды. 2008 жылғы қыз бен 2010 жылғы ұл бала. Ер жігіт 83 жылғы суға кетті. Шомылу маусымы басталғалы бізде үш адам суға кетті. Соның ішінде бір адам кеше ғана болған оқиға.
Қызылжар өңіріндегі екі мыңнан астам өзен-көл бар. Соның 58-і ғана суға түсуге рұқсат берілген. Алайда, тұрғындар көп жағдайда құтқарушылардың талабын елеп жатқан жоқ. Мамыр айынан бастап төтенше жағдай мамандары 200-ден астам рейд өткізіп, 19 адамды әкімшілік жауапқа тартты. Ал, қалың бұқара болса, "жағажайларда жағдай жасалмаған", деп отыр.
Ольга ТРОМЕНШЛЕЙГЕР, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Қалалық жағажайларда құмның сапасы сын көтермейді. Қатты тас, жүру мүмкін емес. Жұрт жұмсақ құмды іздеп, қаладан тыс жерге баруға мәжбүр. Ал біз балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдап, осында келдік.
Михаил ЛЕПЕХИН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Жағажайлар қауіпсіз жерде орналасқан. Демек, бұл жердің суы таяз, иірімдер жоқ. Жағажайдың құмы нашар болса да, ең алдымен қауіпсіздікті ойлаған жөн.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Былтырғы жылдың дәл осы кезеңінде адамдар суға батпаған екен. Құзырлы орган өкілдері мұны биыл күннің ертең жылынуымен түсіндіреді. Жалпы, казгидромет мамандарының хабарлауынша, Қызылжарда аптап ыстық аптаның аяғына дейін жалғасады. Демек, су құрбандарының саны әлі де өсуі ғажап емес.
А. Құрманкин, З. Санай