Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе қатынасы қайта жанданғанымен әуекомпанияларға айтарлықтай табыс түспейді, - экономист

AstanaTV
09.06.2020ж. 20:00
3360
Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе қатынасы қайта жанданғанымен әуекомпанияларға айтарлықтай табыс түспейді, - экономист

Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе қатынасы осы айдың соңына қарай қайта жанданады. Бұл Жерорта, Эгей теңізіне барып демалатын отандастарымыз үшін қуанышты жаңалық. Ал бірнеше ай жұмысы тұралап қалған «турагенттіктер» ше? Шетелге аңсадым деген қазақстандықтардың нөпіріне төтеп беріп, міндетін толық атқара ала ма? Әріптесім Әлішер Өмірзақ жауап іздеп көрді.

Бейбіт АТАМҚҰЛОВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Халықаралық рейстерді кезең-кезеңімен жоспарланып отыр. Осы маусым айының соңында Қазақстан мен Түркия арасындағы халықаралық рейстерді қайта ашу көзделген. 

Министрдің Үкімет отырысында жасаған бұл мәлімдемесі жазғы демалысын көрші елде өткіземін деген қазақстандықтардың құлағына жаққаны рас. Мәселен елордалық Қырмызы Зетулла Бодрумдағы Эгей теңізіне шілде айында баруды жоспарлап қойған.

Қырмызы ЗЕТУЛЛА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Әрине, карантиннен кейін қорқыныш бар. Бірақ карантин кезінде Түркия мемлекеті қандай сақтық шараларын ұстанғанын бақылап отырдым. Көңілімнен шықты, сондықтан толық сеніммен бара аламын. Бодрум қаласына барып, Эгей теңізіне шомылып қайту жоспарда бар.

Турагенттіктер биыл шетелге шығатындардың аз болатынын пайымдап отыр. Өйткені рейстер де бұрынғыдай көп ұшпайды және шетелге барудан бас тартатындар да болады деді.  «Туристік қамқор» қауымдастығының басшысы Инна Рей, карантинге дейін «туристік агенттіктерден» жолдама алып қойғандар еш алаңдамаса болады деп отыр.

Инна РЕЙ, «ТУРИСТІК ҚАМҚОР» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Мен жолдама сатып алған агенттік карантин кезінде құрдымға кетіп, ақшам қайтпай қалады деп уайымдаудың қажеті жоқ. Өйткені олар сіз үшін алып қойған билетті де ауыстырып береді. Қонақүй де жағдайды ескере отырып, күнін ауыстырады. Ешкім де шығынға батпайды.

Экономист Меруерт Махмұтованың да болжамы көңіл көншітпейді. Әуекомпаниялар биыл аса табыс таба қоймайтынын айтады.

Меруерт МАХМҰТОВА, ЭКОНОМИСТ:

Көбі үш ай үйде отырып табысынан айырылды. Сондықтан бұл халықаралық туризімнің дамуына аса септігін тигізе қоймайды.Бірақ компанияларға бизнестерінің қайта дамуына мүмкіндік ашады.

Түркия қазақстандықтардың басым бөлігі жазғы демалысын өткізетін елдер қатарында. Дегенмен министр Бейбіт Атамқұлов әлемдегі эпидемиологиялық жағдай жақсарып жатса басқа да елдермен әуеқатынас жанданатынын айтты.

Ә. Өмірзақ