$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақтөбеде көп балалы отбасы қуықтай қойманы паналап отыр

AstanaTV
10.06.2020ж. 20:00
1968
Ақтөбеде көп балалы отбасы қуықтай қойманы паналап отыр

Ақтөбеде көп балалы отбасы 12 жылдан бері қуықтай бөлмеде тұрып келеді. Шаһардың 500-ші тұрғыны да осы отбасының мүшесі. 12 шаршы метр аумақта 6 адам паналауға мәжбүр. Көп қабатты үйдің шағын қоймасын баспана еткен, отбасының бүгінгі тыныс-тіршілігін тілшіміз біліп қайтты.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Осы 12 шаршы метр жерде көп балалы отбасы 2008 жылдан бері тұрып жатыр. Аядай бөлмеде жатып тынығады, ас дайындап ішеді. 

Бұл көп қабатты үйдің қоймасын отағасы есік, терезе салып 12 жыл бұрын өздеріне ыңғайлап алған. Бірақ осы аралықта төрт ұл дүниеге келіпті. Үлкені он екіге келсе, ең кішкентайы жасқа толмаған. Төртінші ұл Ақтөбенің бес жүзінші тұрғыны болып тіркелді. Сол кездегі қала әкімі Мавр Абдуллин арнайы құттықтап, жергілікті басылымдар отбасыға үй беріледі деп жарыса жазған еді. 

Эльвира ДОСҚАЛИ , КӨП БАЛАЛЫ АНА:

Иә газетке жазған  осы айдың наурыз айынан бастап кілт табысталады деген бақытты отбасымен деген. Осыған дәмеленіп кішкене, үй береді деп қуанып сөйтіп едік. Онымен ешқандай хабар жоқ. Ешкімде келген жоқ. 

Бірақ одан бері ештеме өзгермепті. Паналаған баспана шиттей балаларға жайсыздық тудырды. Одан бөлек қауіпті. Өйткені бөлменің жанында он қабатты үйдің барлық электр тоғы орналасқан. Отағасының табысына күн көріп отырған олар жеңілдікпен пәтер берілсе де құп көреді.

Тәңірберген  ДІЛМАҒАМБЕТОВ, ТҰРҒЫН:

Жоқ мен тегін үй сұрамаймын. Үкіметтен тегін беріңдер деп не істеймін. Маған 20 жылға берсіңші кредитке төлеуге дайынмен. Келіншегімнің атына аударып берсе, сол жилстройдан шот аштырса ғой.

Бұл ұсынысқа жергілікті билік қарса емес сыңайлы. Олар алғашқа жарнасына төлеуге болатынын айтты.

Жанаргүл  ДҮЙСЕКЕНОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫ:

Бақытты отбасы бағдарламасымен қатысқанда жеңілдік екі пайыз. Сонымен қатар алғашқы жарна он пайыз. Отбасында он пайыз болмаса акимат арқылы әлеуметтік осал топпен айналысатын бөлім бар. Олар комиссияға шығарады. Яғни көмек есебінде он пайыз тегін беріледі.

Әкімдіктің дерегінше бұл жанұя үстіміздегі жылдың ақпан айында «Бақытты отбасы» бағдарламасымен көп балалы жанұя ретінде үй кезегіне тұрған. Қазіргі күні кезек саны 1873 болып тұр. Айта кетейік, жалпы қала бойынша  24 мыңнан астам адам баспана кезегіне тіркелген. 

Б. Рахметова