Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Зорлық-зомбылық құрбаны болған нәзік жандылардың саны азаймай тұр

Зорлық-зомбылық құрбаны болған нәзік жандылардың саны азаймай тұр

Ел аумағында зорлық-зомбылық көрген нәзік жандылар қатары азаймай тұр. Шымкентте екі баланың анасы бейтаныс жігіттердің соққысынан ауыр жарақат алып, ауруханадан бірақ шықты. Ал, Алматыда жігіті өлімші етіп сабаған қыз, әлеуметтен көмек сұрады. Нәзік жандының әлеуметтік желідегі жан айқайы әлеуметті бейжай қалдырмады.

Снежана, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ ЖАҚЫНЫ:


Менің сіңілім адам танымастай соққыға жығылған. Түні бойы далада жатып, өлім аузынан қалған. Бір тісі жоқ, сөйлей алмайды, тіпті тамақ іше алмайды. 

Снежана сіңілісінің қабырғасы, қолы сынғанын айтып, әлеуметтік желіде бейнеүндеу жолдады. Оның айтуынша, сіңілісі кешкісін жұмыстан қайтып келе жатқанда бірнеше ер адам бас салып соққыға жыққан. Ұрып-соққан соң, тұншықтырып, өлді деген оймен ағаштардың арасына жасырып кетіпті. Қоғамда қатігездік белең алғанын адамдардың құқығын қорғау ұйымының төрайымы Дина Смаилова да мойындайды

Дина СМАИЛОВА, «НЕ МОЛЧИ» ҚОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Зардап шегуші қатты соққыдан талып қалған. Оның қазіргі жағдайы өте ауыр, енді бірнеше ота жасалады. Бізде қатігездік белең алды. Сол үшін қысым көрсету, зорлауға қатысты заңға өзгерту енгізу керек.

Мына суреттегі нәзік жанды да, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кезекті құрбаны. Ол жігітінен соққысына шыдап жүргеніне бір жыл болғанын айтып, әлеуметтік желі арқылы полиция, қоғам белсенділері мен үкіметтен көмек сұрады. Қоғам белсенділері мәселеге назар аударды. Олар құқық қорғаушылардан мұндай қылмыстың жылы жабылып қалмауын талап етеді.  

Қайрат ҚҰДАЙБЕРГЕН, КӘСІПКЕР, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:


ҚР бойынша әрбір сегізінші әйел осындай зорлық-зомбылыққа душар болады. Одан кейін әр жыл сайын өкінішке қарай 400 әйел адам осындай зорлық-зомбылықтың арқасында бұл дүниеден ол дүниеге кетеді. Әрбір адамның өзінің құқығы бар, ешкім ешкімге зорлық-зомбылықты көрсетуге қақысы жоқ.


Бір жылдан бері жігітінен соққы көрген келіншектің арызы негізге алынып, іс қозғалған. Тіпті күдікті ұсталып, қылмыстық кодекстің 389 бабы бойынша қаралуда.

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:


Қазіргі таңда бұл дерек бойынша да өндіріске кірісіп кеттік. Сот медициналық сараптама тағайындаймыз келтірілген дене жарақаттарының ауырлық деңгейін анықтау мақсатында. Егер ауыр жарақат келтірілді деген шешім қабылданатын болса, үш жылдан аса бас бостандығынан айыру мерзімі көзделуде.


Статистикаға сүйенсек, елде күн сайын нәзік жандылардың біреу тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Ал, карантин кезінде республика бойынша жедел желілерге отбасылық-тұрмыстық қорлық құрбандарынан 135 мың қоңырау түскен.

А. Кемелжан