Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Ақмолалық келіншек сәбиінің өліміне дәрігерлерді кінәлайды

Ақмолалық келіншек сәбиінің өліміне дәрігерлерді кінәлайды

Елордадағы аймақтық №2 көпсалалы ауруханадан шу шықты. Шақалағынан айрылған Ақмола облысы Целиноград ауданының тұрғыны, дәрігерлердің салғырттығын сынға алды. 37 жастағы келіншектің айтуынша медициналық тексеріс кезінде ақ халаттылар іштегі сәбидің жағдайы қалыпты екенін айтқан. Алайда, толғағы келген әйелге ота жасалыпты. Бірақ нәресте шетінеп кеткен. Тараптарды тыңдап қайтқан әріптесім Ғалымжан Өтемісовтың материалы.

Алтынгүл Тоқтасынның туыстары кеше кешкісін қаралы хабарды естігелі перзентхананың маңында жүр. Содан бері бала өліміне қатысты мардымды жауап ала-алмай дал. Жақындарының айтуынша, дәрігерлер тексеріс кезінде іштегі сәбидің жүрек қағысы қалыпты екенін айтқан. Тек, нәресте теріс келгендіктен, ота арқылы босандыратындарын жеткізген. Алайда 4 сағат бойы отаны бастамай, тек әйелден қан кете бастағанда ғана шара қолдана бастапты.

Сайрангүл КЕНЖЕЙ, ТУЫСЫ:

12-ге 10 минут қалғанда кіргізген. Кіргізген себебі ол кісіде қан кетті дейді. Неге 4 сағат бойы қан кеткенше, последний моментке дейін жеткізді? Неге сол уақыт аралығында операцияға кіргізбеді? Біз соған қынжыламыз.
 
Ал, сәбиінен айрылған Алтынгүл Тоқтасын баласының сау туғанына сенімді. Наркозда болсам да баланың қозғалысы мен дауысын анық естідім деп отыр. Бұл істе басқа бір шикілік барынан күдіктенеді.

Алтынгүл ТОҚТАСЫН:

Кесереоваға кірген кезде де балам қозғалып тұрған. Мен оны наркоз берсе де біліп жаттым. Баланың даусын да естідім. Одан кейін білмей қалдым. Оянған соң бір-ақ естідім. Мен не болса да мені босандырған мұрты бар шалдан көремін бәрін. Соны кінәлаймын.


Аурухана мамандары сол түні кезекшілік еткен дәрігермен әлі хабарласа аламағандарын айтты. Таңнан бері телефон тұтқасын көтермейтінін жеткізді. Емхана басшылығы болса, бала іштен өлі туды деді.

Айгүл ҚАЖЫҒАППАРОВА, АЙМАҚТЫҚ №2 КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАНЫҢ ПЕРЗЕНТХАНА БӨЛІМІ МЕҢГЕРУШІСІ:

Өкінішке орай іштегі сәби өлі туды. Науқас бізге жедел жеткізілген болатын. Алайда бала кері келген. Бұл жағдайда дәрігер өзі шешім қабылдайды. Баланы анасының өзі босануына мүмкіндігі болғандықтан, біраз күтуге тура келді. Бірақ, қан кете бастағандықтан бірден ота жасауға кірістік. Ішке қан кетіп, бала демігіп қалған.

Дәрігерлер бұл оқиғаның ақ-қарасын анықтауға уәде етті. Жуырда арнайы комиссия құрылмақ. Жас анадан қажетті сараптамалар алынған. Тіпті, Соvid-19-ға да сынама тапсырыпты. Тексеріс қортындысы шыққан соң, сәбидің шетінеп кетуінің себебі анықталмақ. Ал жарық дүниені көре алмаған нәрестенің туыстарына күтуден басқа амал жоқ.

Ғ. Өтемісов