Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

30 жыл жарықсыз отырған шымкенттіктердің мәселесі шешіледі

AstanaTV
16.06.2020ж. 20:00
1705
30 жыл жарықсыз отырған шымкенттіктердің мәселесі шешіледі

Шымкентте 30 жыл бойы жарықсыз отырған ауданның мәселесі шешілетін болды. Қараңғылық құшағындағы ауылдықтардың арызына құлақ салған «Nur Otan» партиясы бұл істі өз бақылауына алмақ. Маусым айының басында «Астана Таймстың» тікелей эфирінде шымкенттіктер ондаған жыл бойы көшеге жарық жүргізілмегенін айтып, мұңын шаққан еді. Тұрғындардың сөзінше, қараңғы көшемен жүру де оңай емес. Көзге тартса көргісіз түнектегі көшелерде қылмыс көбейген.

Шымкенттік Қаһарманның көшеге жарық жүргіземін деп әбден әуреге түскеніне жиырма жылға жуықтады. Бүгінге дейін көршілерімен бірге жергілікті әкімдіктің табалдырығын талай тоздырған. Оның сөзінше, көшемен түнде жүру оңай емес. Әсіресе қыста қиын.

Қаһарман ШЫМКЕНТ, ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Әсіресе, балаларды балабақшаға апарған кезде қиын. Қыста жүру мүлдем мүмкін емес. Машина өткен кезде оқушылар сүрініп, қариялар талай құлаған. Жарық жоқтығын айтып, қайда шағымдансақ та, баяғы жартас - сол жартас.


Қазір көшедегі шамдар сән үшін орнатылғандай. Шенеуніктердің қамсыздығынан шаршаған тұрғындар өздері ақша жинап, қажеттінің бәрін сатып алыпты. Енді оны орнатуға қаладағы коммуналдық қызмет асығар емес деп отыр.

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен осы көшеде тұрамын 20 жылдан бері. Осы жерде балаларым мектеп оқыған. Бәрі жұмыс істеп, жан-жаққа кетті. Біздің көшемізде ешқашан свет болмаған еш уақытта және бізге канализация керек. Енді мәселе сол ғой. Ең керегі сол.


Мәселені енді «Nur Otan» партиясы өз бақылауына алды. Шенеуніктердің басын қосып, шамның жайын қала әкіміне жеткізді. Мұрат Әйтенов қазір бұл жобаны мемлекеттік жекеменшік серіктестік шеңберінде қолға алатынын мәлімдеді.

Мұрат ӘЙТЕНОВ, ШЫМКЕНТ қ. ӘКІМІ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қазір түрлі ұсыныс түсіп жатыр. Әзір бір компания шықты. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасы бойынша 20 млрд теңгеге көше шамдарын орнатып беруге келісті. Енді бағасын нақтылаған соң, алдағы уақытта мердігерді анықтаймыз.


Мегаполис үшін бұл мәселе таңсық емес. Өйткені Шымкенттің 34 пайызына ғана жарық жүргізіліпті. Қалалықтар қараңғылық қылмыстың азаймай отырғанына да себеп болғанын айтады.

Хайрулла СӘРСЕНОВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ қ. ФИЛИАЛЫНЫҢ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біраз жылдан бері осы Өзбек көшесінің бойында жарық жоқтығы туралы мәселе көтеріліп, шешімін  таба келе жатыр осы күнге дейін. Бұны біз қазір енді көріп, келіп, комиссия Әл-Фараби аудан әкімшілігі, сонымен қатар ЖКХ комиссия құрып осы мәселенің қалай болып жатқанын көруге келіп отырмыз. Енді бұл осы партиялық бақылау комиссиясының бақылауында болатын мәселе.

Шенеуніктер қараңғылық құшағындағы қалаға шырай беру үшін қанша ақша керектігін есептеуде. Шаһар басшысының сөзінше, биыл қаладағы 109 көшеге жарық жүргізілмек.

Е. Карин