Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Мектепке орамал тағып бару. Мәмілеге келетін ата-ана аз-ау...

AstanaTV
30.09.2017ж. 20:00
5743
Мектепке орамал тағып бару. Мәмілеге келетін ата-ана аз-ау...

Орталық Азиядағы діни ахуал, ұлттық бірегейлік және совет мұрасын зерттеуші, Назарбаев университеттің доценті Хелен Тибо экстремизмнің алдын алу шаралары ретінде аталатын тыйымдар мен шектеулерден тиімді нәтиже шықпайды деп санайды. Ол мұны «Азаттыққа» берген комментарийінде айтқан.  Қазақстанда дін жолына бет бұрған адамдардан қауіп күтіп керегі жоқ. Ондай қауіп діни ерекшелігін орамал тағу сияқты элементтер арқылы білдіретін діндар адамдар өздерінің еркіндігі шектелгенін сезген кезде пайда болады, - деген Хелен Тибо.Сарапшының айтуынша, өздерін адам құқығы мен еркіндігі шектелмеген үлкен қоғамның бір бөлігі санайтын адамдардың радикализм жолына түсуі сирек кездеседі. «Экстремизмнің тарауына жол бермеудің бір тәсілі – қоғамда әлеуметтік бірлік орнату» деп түйіндеген Хелен Тибо.Бұл елімізде мектепке орамал тағып бару мәселесіне орай келтіріп отырған пікір. Мұндай байламды бере отырып, «мектепке орамал тағып баруда тұрған ешнәрсе жоқ» дегіміз жоқ. Әсте олай емес. Орамалдың демде шешілмейтініне нұсқау. Бұл тенденцияның түсіндіру жұмыстарымен жойылмайтынына нұсқау. Бұл санаға сіңіп, сенімге айналған құбылыс екеніне нұсқау. Егер одан әрі тереңдесек, «орамалдағының» ата-анасының бөтен ойы жоқ екенін түйсіну – өте күрделі дүние, тіпті мүмкін де емес... Тек Ақтөбеде 370 оқушы қыздың 15-нің ғана ата-анасы мәміліге келген. 

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ақтөбеде орамал дауы алғаш мына білім ордасынан басталған еді. Шаһардың ескі бөлігінде орналасқан, неміс тілін де тереңдетіп оқытатын мектеп орыс тілінде білім береді. Осыдан-ақ, діни сенімнің немесе діннен адасушылықтың тіл таңдамайтынын да байқауға болатын секілді.

Әсел Бектұрғанова мектеп талабына алғаш қарсы шыққандардың бірі. Ол қызының білім ұясына орамал тағып баруын қалайды. Себебі, отбасылық ұстанымдары қоғамның көзқарасынан бөлек. Сол үшін де ұстаздардың сөзіне құлақ асқысы жоқ.

Әсел Бектұрғанова Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Бізді қайта-қайта мектепке шақырады. Қыздарымыз орамалын шешсін дейді. Кеше де ескерту хабарлама берді, енді мектепке кіргізбейміз деп. Егер орамал тағуға рұқсат етпесе, одан әрі қажет деп тапқан жерлерге шағымданамыз. Өйткені қыздарымыздың өздері шешкісі келмейді.

Ақтөбе облысында Әселдің қызы секілді орамалсыз жүрмейтін 370-ке жуық оқушы бар. Олардың көбі оң-солын танитындай дәрежеде емес. Өйткені көбі төменгі сыныптарда оқиды. Демек ата-анасы қалай айтады, солай болады. Орамалды басынан алуды ойламайды да. Дұрысы, ойлауға мұрсат бермейді. Олар мектепке келгенде «орамалды шеш» деген ұстазға сенерін не, сол ұстаздарына қарсы келген ата-аналарына сенерін білмей дал болады. Шындығында, бала үшін соңғысының, яки, ата-ананың сөзі дұрысырақ. Бұл жағдай бала санасына салмақ салары тағы ақиқат. Ал, білім саласына жауапты тұлғалар болса, білім министрлігінің арнайы талабы бар екенін және оның еліміздің Ата заңына негізделгенін айтудан танған емес.

Гүлдана Бақиева, Ақтөбе облыстық білім басқармасының бас маманы:

Біз бұл оқушылардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұған дейін де, алдын ала ескерткен болатынбыз. Өйткені министрліктің  №26 2016 жылғы 14 қаңтардағы бұйрығы бар. Сол бұйрықтың 13 – тармағын басшылыққа алып және мектептің ішкі оқу формасын сақтау мақсатында. Яғни, бұйрықта діни атрибутикадағы киімдер киюге тыйым салынған.

Оқу жылы басталғалы өңірдегі ондаған мектеп осы мәселемен бетпе-бет келді. Қазір барлық оқушы сабаққа қатысып жүргенімен,  ұстаздар ата-аналарға ортақ талапқа бағыну қажеттігін айтып, тыным табар емес. Тіпті, бұл іске білікті теологтарды да тартқан. Нәтижесінде сең қоғалғандай. Қазірге дейін 15 оқушы орамалдарын шешкен.

Жолдас Қалмағамбетов, Ақтөбе облыстық Дін істері басқармасының басшысы:

Қай кезеңде де біз бұны қатқыл шешім жасауға қажет емес деп санаймыз.Себебі, бала ешуақытта зардап шекпеуі керек. Бұл арада тек ата-ана мектептің ішкі ережесін сақтауға көндірсе, ешкім де ұтылмайды деп санаймыз.

Бұл жаңадан бой көтерген «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы су жаңа орта мектеп. 2000-нан аса бала білім алады. Тек осы білім ошағының өзінде орамал тағатын 11 оқушы бар екен. Мектеп басшылығын білім сапасы не басқа емес, алдымен осы орамал мәселесі толғандырып отырғанға ұқсайды. Қазірге дейін ұстаздар сол 11 ата-анаға екінші мәрте ескерту хабарлама жіберіп үлгерген. Алайда, тек екі оқушы ғана орамалсыз келуге келісіпті. Ал, қалған 9 оқушының ата-аналары енді әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін.

Абзал Тажимишев, Ақтөбедегі №60 орта мектептің директоры:

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 409 бабы, 2-інші тармағы бойынша ата-аналарға білім беру саласындағы заңнамаларды орындамағаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған. Ата-аналарға ұсынысымызды айттық. Балалар сыртта тағып келсін, мектеп ішінен арнайы кабинет бөлейік, соның ішіне орамалын шешіп, сабаққа келіп отырсын деген мәселені. Бірақ келіскен екі ғана оқушы бар.

Мектеп талабымен келіскендердің бірі Аққанат Жұмабаева. Оның екі қызы нөмірі 49-ыншы орта мектепке барады. Алғашында мектеп ұжымы қыздарын мектепке кіргізбей қойған.  Балаларымның құқығын таптады деген ашулы ана полицейлерді де шақырыпты. Дегенмен кейін райынан қайтып, қыздарының мектепке келген кезінде орамалдарын шешіп қоюларына рұқсат берген.

Аққанат Жұмабаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Негізгі мақсатымыз білім алу. Өзі орамал тағып келеді. Өзі бала түсініп тұр. Шешкім келмейді дейді. Түсіндіріп айттым. Психологиялық комплекс қалады ғой.

Сәнсәбила, оқушы:

Орамалымды шешіп, класқа кіргенде ұлдардың бәрі мені қарайды. Күледі. Сосын мен ренжимін.Сондықтан орамалымды шешкім келмейді.

Осы жерде келесі бір мәселенің шеті көрінеді. «Егер ата-ана айыппұлды төлеп, баласын әрі қарай мектепке орамалмен жібере беретін болса, қандай әрекетке барасыздар?» - деген сұраққа мектеп басшылары жауап бере алмады. Біз бұл сұрақтың жауабын білікті заңгерден білуге тырыстық.

Людмила Никифорова, заңгер:

Егер айыппұл төлеген соң, бір жыл ішінде ережені тағы  бұзса, яғни, қызы орамал тағып жүре беретін болса,  ата-ана 409-ыншы бабтың 2-інші тармағы бойынша құқық бұзушылықты қайталағаны үшін тағы  жауапкершілікке тартылады. Бұның нақты шарасы әзір осы ғана.

Демек ата-ана айыппұл төлесе болғаны, қызы қайтадан орамалын шешпей мектепке бара алады. Алайда, бір жылдың ішінде кодекс талабын екінші рет бұзғаны үшін  жауапты органдар сотқа жүгіне алады. Нәтижесінде  басына орамал тағып келген оқушының ата-анасы сот шешімімен екі есе көп айыппұл төлеуге мәжбүр болады. 

Гүлдана Бақиева, Ақтөбе облыстық білім басқармасының бас маманы:

Орамал таққан оқушының ата-анасына бірінші ескерту жіберіледі. Екінші қайталаса 10 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады. Одан кейін тағы қайталаса 2 есе түрінде салынады айыппұл.

Біз жағдайға қатысты дін өкілдерінің де пікірін білмек болғанбыз. Облыстағы имамдар  тікелей сұхбат беруге келіспеді. Тек ҚМДБ-сының мәлімдемесі бар екенін және соған сүйену қажеттігін айтты. Ол мәлімдемеде ата-ана кәмелеттік жасқа толмаған қызына орамал таққызып, білім алуына тыйым салмауы керек екені және бала өнерге, спортқа, зияткерлік дамуға мүмкіндігі барын сезінуі қажет екені көрсетілген. 

Жолдас Қалмағамбетов, Ақтөбе облыстық Дін істері басқармасының басшысы:

Менің бүгінгі айтып отырған ұстанымым да сол мүфтияттың ұстанымымен сәйкес келеді. Мұсылманды қай кезде де сабырлыққа, бірлікке, жалпы билікке, бұйрыққа бағынған адам болуға шақырады. Мүфтияттың пәтуасы да осы бағытта жазылған. Барша мұсылман жамағатын түсіністікпен қарауды және ортақ келісімге келуге шақырады.

2007-ші жылғы білім туралы заңның өзінде мектеп формасын сақтау міндеттелген. Одан кейін осы заңға енгізілген өзгерістерде де дәл осы мәселе нақтылана түсті. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілдің пікірінше, қызын мектепке орамалмен жіберетін ата-аналардың өзі дін талабы  мен мемлекет заңнамаларын дұрыс түсінбей жүргендер. 

Айнұр Әбірәсілқызы, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры:

Кейбір адамдар тарапынан мындай түсінбеушілік  болады, «Діни атрибутика қолданылмайды» деген сөз тұр ғой, осы талаптар да норма емес пе» деп. Біз айтар едік, мектеп формасын сақтау деген ұғымның өзі басқа ешбір атрибутиканы қолданбау дегенді білдіреді. Және бұл тек дінге қатысты емес. Біз соны дұрыс түсінуіміз керек. Мектеп формасын сақтау деген талап  -бұл алабөтен хиджапқа келген жау емес. Мемлекет заңына қарсылықтың өзі діннің негіздерін дұрыс түсінбеуден туындап отыр.

Бүгінде қоғам арасында «Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы кейбір заңнамаларына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы қызу талқыланып жатқаны белгілі. Ақтөбелік ұстаздар аталған заң жобасында да аталған мәселе назардан тыс қалмайды деп сеніп отыр. Алайда наным-сенім бостандығына барып тірелетін заңды қабылдауда біржақты кетуге тағы болмайды. Ал анығы - орамал дауы бүгін-ертең бітейін деп тұрған жоқ. Әзірге мұғалімдер мен дінтанушылар осы мәселе бойынша тек ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жалғастыра бермек... 

Жақсыбек Кемал, Дәуренбек Бақдәулет, Нұркен Жалмұхан «Біздің уақыт».