Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Кенжегүл ауылдан шыққан әлем чемпионы!

AstanaTV
30.09.2017ж. 20:00
2875
Кенжегүл ауылдан шыққан әлем чемпионы!

Батыс Қазақстан облысының елеусіз бір ауылында өсіп, әлемдік жарыста жеңімпаз атанған қайсар қыз туралы айтқымыз келеді. 20 жастағы Кенжегүл Қаупенова - қол күресінен әлем чемпионы. Облыс орталығынан 300 шақырымдағы Базаршолан ауылының тумасы Кенжегүл Азия мен әлем чемпионаттарынан құр қайтқан емес. Ол соңғы жарысы –қыркүйектің басында Венгрия астанасы – Будапештте өткен әлем чемионатында топ жарды. Бұл бәсекеде 55 елдің 1200-дей спортшысы бағын сынапты. Өз салмағындағы 10 қарсыластан озық шыққан Кенже ақырғы сында ресейлік екі спортшыны жеңген. Олардың екеуі де әлем чемпиондары екен. Осылайша облыс тарихында қол күресінен қыздар арасындағы алғаш чемпион атанды.

Қазір Кенжегүл қаладағы спорт мектебінде жасөспірімдерді баулып жүр. Арманы - оларды да өзі секілді чемпион қылу. Қайсар қыздың арманы көп. Ауылдағы әке-шешесін қасына көшіріп алғысы да келеді. Бірақ қатарластары секілді қымбат көлік пен өзге де материалдық құндылықтар... Өйткені баз-біреулер секілді сұраншақ болуға арланады. Бәріне өз күшімен жеткісі келеді. Өкінішке қарай қол күресі олимпиадалық спорт санатында жоқ. Сондықтан талай жарыстан жүлдемен оралса да, қалтарыста қалып келеді. Бірақ бұл туралы айту Кенже қыздың мінезіне жат.

 Кенжегүл Қаупенова, қол күресінен әлем чемпионы:

- Қазір ешқандай тұрып жатқан үйім жоқ...

- Жас адам үшін үйі, көлігі болғаны жақсы ғой? Әке-шешеңе барып келсең де...

- Әрине жақсы, бірақ айтпай-ақ қояйыншы. Ондай ештеме сұрағым келмейді. Ешкімнен ештеме сұрағым келмейді. Өзім жеткім келеді. Бәрі де уақытымен. 2018-жылдан бастап облспорт тұрақты жалақы қояйын деп жатыр. Бірақ мұндағы жалақымды айтпай-ақ қояйын. (күледі)

Кенжегүл, аты айтып тұрғандай, отбасының кенжесі. Жастайынан ауыр еңбекпен шыңдалған. Спорт секілді үлкен төзім мен қайратты қажет ететін іске тәуекел етуі де содан.

Кенжегүл Қаупенова, қол күресінен әлем чемпионы:

Ауылда жүргенде су тасисың, кейде қой бағып кетесің. Кейде папаңа көмектесесің, қыста мал шаруашылығы қиын болады ғой. Папаң боқ төгіп жатқанда қарап отырмайсың ғой. Барып шанасын бірге сүйрейсің, қар төгесің. Су тасу, соның бәрін жасадым. Құрттай кезімнен доп қуып үйреніп қалғанмын. Мұнда келгесін, колледждің атынан шығып жүрдім. Облыста ең бірінші жарысымда жеңіліп қалдым. Онда жылағам жоқ. Бірақ ағайым да айтты: неге дайындалмайсың деп?.. Бізде бір-ақ секунд жетеді басып тастауға, жеңіске жетуге. Бұйрық беріледі. Сол кезде 1 секундтың  ішінде үлгеруің керек.

Кенженің өзін бапкері Мұрат Ибатов жаттықтырады. Екеуі алдағы қазан айында Таразда өтетін Азия чемпионатына дайындалып жатыр. Ал келер жылы әлем чемпионатында бағын тағы сынап көрмек.

Мұрат Ибатов, Кенжегүл Қаупенованың бапкері:

2014-жылдан бастап менде дайындала бастады. Оның бойында қабілеті бар. Төзімді, ұл мінезді қыз, спорттық характері бар. Өте тілалғыш, айтқанды екі етпейтін спортшылардың бірі деп ойлаймын.

Кенжегүл Қаупенова, қол күресінен әлем чемпионы:

Бізде әлем чемпиондығын 3 рет орындау керек. 3 рет орындағасын еңбек сіңірген спорт шебері атағын береді. Сол атақты алып, алдағы Алтын турға қатысқым келеді.