Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Мемлекет басшысы Үкіметке екі апталық мерзім берді

AstanaTV
10.07.2020ж. 20:00
3152
Мемлекет басшысы Үкіметке екі апталық мерзім берді

Президент Үкіметке екі апта берді. Осы аралықта елде жағдай жақсармаса министірлер кабинеті толықтай орнын босатуы мүмкін. Үкіметтің кеңейтілген отырысында бүгін Мемлекет басшысы осыны қадап айтты. Бұл бірінші ескерту емес. Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана бірнеше министр мен әкімге сөгіс жариялаған.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бас санитарлық дәрігердің пікіріне ешкім құлақ асқан жоқ. Кәсіби дағды мен ұйымдастыру жұмысы жеткіліксіз болды. Нәтижесінде біз гуманитарлық көмек алып, шетелдік мамандарға кеңестері үшін алғыс айтып отырмыз.

Президент Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығын сынады. Олар, коронавируспен тиісті деңгейде күреспеді. Ведомстводан кеткен қателік шаш етектен.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз жұмыстың тәсілдерін үнемі өзгерте береміз. Бұрынғы басшылық аяқ астынан науқастарды симптомды және симптомсыз деп бөлу керек деп шешті. Қазір бұл әдістемеден бас тарттық. Міне, осындай әрекеттер халық арасында күмән туғызады.


Президент, індетке қарсы күресте туындаған қиындықтарға байланысты тергеу жүргізуді тапсырды. Бірқатар шенеунік бүгін қызметімен қош айтысты. Олардың арасында, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен "СК-Фармация" басшылары бар.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

«СҚ Фармация» компаниясын білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет. Қазақстанда дәрі мен медициналық бұйымдардың көптеген түрін өндіруді жолға қоятын кез келді. Қашанға дейін импорттық дәрілерге тәуелді боламыз? Намысымыз қайда?

Таяқтың бір ұшы Білім және ғылым министрлігіне де тиді. Президенттің пайымдауынша, ведомства жаңа оқу жылына дайын емес. Оған, биылғы қашықтан оқу тәжірибесі куә. Мемлекет басшысы, абдырап қалған мұғалімдер мен оқушыларды еске салды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Министрліктің дайындығына қатысты күмәнім бар. Балалар қашықтан оқи ма? Жоқ, әлде кәдімгідей сабаққа бара ма? Мұғалімдердің жаңа оқу жылына дайындығы қалай?

Президент елдегі цифрландыру қызметін де сынға алды. Сандық қызмет дәл дағдарыс кезінде ақсап қалды. Бұл олқылықтар шұғыл шешімін табуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев, көптің көкейінде жүрген мәселеге де тоқталды. "Жер шетелдіктерге сатылмайды", деді Президент.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Осыған байланысты бұл мәселе жөнінде түпкілікті шешім қабылдауымыз керек. Негізгі мәселені айқындап алдық. Жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұл мәселеге енді оралмаймыз.

Мемлекет басшысы, коронавируспен күреске қосымша 150 миллиард теңге бөлінетін айтты. Ал, қаражаттың дұрыс мақсатта жұмсалғанын қадағалау үшін арнайы комиссия құрылады.

А. Мүтәлі