Бір апта бойы Павлодардың мектеп оқушылары «Кочевник» теплоходында Ертіс өзені бойымен саяхат ұйымдастыруда. Жеткіншектер туған өлкенің табиғатын тамашалап қана қоймай, осы өзеннің экологиялық мәселесіне қатысты көптеген мағлұматтарды естіп-біліп жатыр. Оларға күн сайын өңірдің белгілі ғалымдары дәріс береді.
Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:
«Фарватер» өлкетану академиясының бүгінгі тақырыбы Ертіс өзенінде тіршілік ететін жәндіктер мен өсімдіктер әлеміне арналды. Оқушылар алдымен кеменің ішкі бөлігінде орналасқан залда биолог-ғалымдардың дәрісін тыңдады. Қызықты ақпаратты түртіп алып, толғандырған сұрақтарын қойды. Бірақ, негізгі қызық жағажайда басталды. Бұл жерде жеткіншектерді нағыз тәжірибелік сабақ күтіп тұрды.
Ескендір Әскенов, Павлодар қалалық №25 мектептің оқушысы:
Құстарды көрдік, талдарды көрдік. Анда қоқыстар көп болды, сол ұнаған жоқ. Тасбақа көрдім, бәрі қызықты болды.
Шараны «Павлодар география үйі» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған. Белсенділердің сөзінше, бұл академия арқылы олар жас буынның бойына туған өлкеге деген сүйіспеншілікті нығайтып, оны бағалауды үйретпек. Ең бастысы, бұл балалар үшін бірегей тәжірибе болмақ.
Данил Вервекин, «Павлодар география үйі» ҚБ мүшесі:
Олар айналадағы болып жатқан құбылыстарды көзбен көріп, қолмен ұстап қана қоймайды. Балалар арнайы шақырылған ғалымдардан Ертіс өңіріне қатысты тың ақпараттарды естіп біледі. Бұл дәрістер сонысымен құнды. Бәрі тәжірибе жүзінде жүргізіледі.
Шараның
теплоходта өткізілуінің де өзіндік сыры бар. Павлодар өңірі үшін Ертіс өзенінің
орны ерек. Бүгінде аймақта кеме бағытын жандандыру жобасы қолға алынған.
Жасөспірімдер су көлігінің мүмкіндігін байқап, оны басқарып та көрді. Кеме құрылымы
мен қауіпсіздік техникасы ережесін зерттеді. Қазірде академияға 20-ға жуық бала
қатысып жатыр. Ұйымдастырушылар болашақта бұл шараны дәстүрге айналдыруды
көздеген.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ