Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / «Самұрық-Қазына» қоры мен Денсаулық сақтау министрлігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

«Самұрық-Қазына» қоры мен Денсаулық сақтау министрлігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

«Самұрық-Қазына» қоры ауруханаларға 100 жедел жәрдем көлігі мен 1000 оттегі концентратын тапсырды. Сондай-ақ 50 өкпені жасанды желдету аппаратын, 1000 пульсоксиметр және 3000 «Авифавир» вирусқа қарсы дәріні де таратып бастады. Дәрігерлер тиісті құрылғылардың көптеп болуы науқастардың өмірін сақтап қана қоймай, жұмысымызды да жеңілдетті дейді.  

Жұлдыз ДАНБАЕВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ №3 КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұрын біз оттегі концентратын өте хәлі нашар адамдарға ғана беріп, кезек-кезек таситынбыз. Қазір жақсы, әрбір палатаға қойып қойдық қастарына. Осындай жақсы көмек болып жатыр.


Ақмола облысына 20 оттегі концентраты, Нұр-Сұлтан қаласына 40, Солтүстік Қазақстан облысына және Қарағандыға 20 данасы үлестірілді.

Ләззат ШОЛАНОВА, ПУЛЬМОПРОВИЗОРЛЫҚ ГОСПИТАЛЬ БАСШЫСЫ:

Оттегі концентраты барлық науқасқа қажет емес, жағдайына байланысты. Бірақ дайын тұруы маңызды, өйткені хәлі ауырлап кетсе қолданады. Бізде, пульмопровизорлық госпитальда 200-ге жуық адам бар. Вирус анықталғандар инфекция бөлімінде жатыр. Салыстырмалы түрде қазір науқастар саны аз.

"Самұрық Қазына" қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов төтенше жағдай басталғалы коронавируспен күреске қор белсенді атсалысып келе жатқанын айтты.

Ахметжан ЕСІМОВ, «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» ҰЛТТЫҚ ӘЛ-АУҚАТ ҚОРЫ» АҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біздің қор төтенше жағдайдың алғашқы күнінен бастап коронавируспен күреске белсенді қатысып келеді. Мәселен наурыз айында 6 млн маскаға қаражат бөлдік. Оны дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер мен тәртіп сақшыларына таратттық.

Сондай-ақ ішкі қордың қаржысына Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі медициналық орталық салынады. Бұл орталықтар халыққа медициналық қызмет көрсету үшін ғана емес, сонымен қатар ғылыми-зерттеу әлеуетін шоғырландыруға арналады.

Ә. Өмірзақ