Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Елордада «Nur Otan» партиясы жақтастары лигасының онлайн-конференциясы өтті

AstanaTV
24.07.2020ж. 20:00
2268
Елордада «Nur Otan» партиясы жақтастары лигасының онлайн-конференциясы өтті

Елордада «Nur Otan» партиясы жақтастары лигасының онлайн-конференциясы өтті. Мақсат, елде эволюциялық өзгерістер жасауға бақытталған қадамдарды пысықтау. Конференцияға белгілі саясаттанушылар, қоғам белсенділері мен журналистер қатысты. Олар сайлаудың өзекті мәселелері мен әлемді шарпыған індетпен күресу жолдарын талқылады.

Жиын модераторы Ерлан Сайыров өз сөзінде саяси жүйеге жастарды тарту керектігін айтты. Бұл ескі көзқарастың жаңа бағытқа бұрылуына жол ашады,-деді. Лига белсендісі Ерлан Саировтың пікірінше, «Саясатта тек танымал адамдар ғана жүреді» деген стереотиптен құтылу керек. Жас саясаткерлер үшін, партия қолға алған праймериз, өрлеуге жол ашатынын жаңа баспалдақ болатынына сенімді. Соған сай билікке келетін жастар жергілікті жерлердегі түйіткілдерді шешуге білек сыбана кіріседі деді. 

Ерлан САИРОВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ЖАҚТАСТАРЫ ЛИГАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Праймериз елдің саяси жүйесін эволюциялық жолмен өзгертудің алғышарты. Бұл алғышарт орындалатыны немесе орындалмайтыны праймеризге қатысатын жастарға байланысты. Екінші дүние бар. Біздің жергілікті жерде  әкімшілікке, басшылыққа жастарды тартуға құлықсыз. Ал ол жастар келетін болса жергілікті жердегі көптеген қайшылықтарға ашық қарсы тұратын болады.

Саясаттанушы Айдос Сарымның пікірінше эволюциялық реформалар жемісті болу үшін, билік пен халық арасында ортақ мүдде болуы шарт. Ол алдағы сайлау екі жақты консенсустың, яғни қандай да бір мәселе бойынша дауыс берусіз ортақ шешімге келудің алғышарты екеніне сенімді.

Айдос САРЫМ, САЯСАТТАНУШЫ:

Үлкен бір консенсус мәселесі бар. Сенім деген бір бөлек. Алайда мүдделі мәселеде ортақ ой қажет. Ал егер реформалар жоғарыдан төмен қарай жүре беретін болса, онда реформа жүзеге аспай қалуы мүмкін.

Келер жылдың басында елімізде Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау науқаны өтеді деп күтілуде. Партия хатшысы Арман Қырықбаевтың айтуынша, жаңадан жасақталатын Парламент пен өңірлердегі мәслихаттар ел экономикасын дағдарыстан алып шығуға дайын болуы қажет.

Арман ҚЫРЫҚБАЕВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Біздің елде революциялық өзгерістер болмайды. Шын патриот Қоғам өкілдері және мемлекет тарапынан оған ешқашан жол берілмейді. Біздің екі Отанымыз жоқ, еліміздің тәуелсіздігін көрінгенге жем қылып қоя алмаймыз. Сондықтан, таңдау эволюциялық болады. Праймериз - эволюциялық өзгерістер жолы. «Nur Otan-ның» беріп отырған мүмкіндігін белсенді, өзіне өзі сенетін азаматтарға толық пайдалану керек.

Бұдан бөлек, онлайн-конференцияда ел ішіндегі коронавируспен күресу тетіктері де талқыланды. Ойларын ортаға салған сарапшылар халықтың ішкі мәдениетін көтеру мәселесіне ерекше тоқталды. Журналист Айдос Жұқанұлы ішкі мәдениет жоғарыламаса, барлық әрекет құрдымға кететінін айтты.

Айдос ЖҰҚАНҰЛЫ, ЖУРНАЛИСТ:

Коронавирус келген кезде халық Үкіметті, Үкімет халықты кінәлады. Бір-бірімізге сілтеп жүрген кезде вирус бізге білгенін істеді. Әркім ішкі мәдениетін жөндеп, сақтанып, оқшауланып отыруы тиіс.

Сарапшылар карантин кезінде білім саласына айрықша көңіл бөлінуі керек деп отыр. Алдағы жарты жылда онлайн оқитын оқушылар мен студенттерге ноутбук пен смартфон тапшылығы да туындауы мүмкін. Сондықтан осы түйіткілді шешудің оңтайлы тәсілдерін қарастыру бүгіннен басталса дейді. 

Ғ.Өтемісов