Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы өнімдері еш кедергісіз экспортталуда

AstanaTV
24.07.2020ж. 20:00
3774
Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы өнімдері еш кедергісіз экспортталуда

Нұрсұлтан Қожаев жас болса да егіннің бабын жақсы біледі. Ауылдың 12 азаматын қасына жұмысқа алып, 24 гектар жерге қарбыз екті. Дақылдың «холлор», «ницца», «апола», «сайс» деп аталатын төрт түрін өсірді. Бастысы табиғатқа төзімді, әрі тез піседі, дәмі де ерекше. Қазір алғашқы өнімдерін жинап, нарыққа шығаруда.

Нұрсұлтан ҚОЖАЕВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
 
Биыл жақсы шығып жатыр өнім. Гектарына огарод бітем дегенше 60 тоннадан кетіп жатыр. Атырау, Қостанайға жібердік. 24 гектар егілді. Осы шаруашылықта. Ауылдың 20 проценті көшетпен екті.

Сырдың қарбызы бүгінде үлкен сұранысқа ие. Әсіресе, Жайылма ауылының бренді тонналап шетелге шығарылады. Осыны ескерген шаруалар биыл бақша дақылын 18 мың гектарға егіпті. Диқандарға қарбыз тұқымын таңдауға жергілікті ғалымдар бағыт берген. Яғни, мамандар алдын-ала жер құрамын зерттеп, тыңайтқыш мөлшерін және қай тұқымның өнімді болатынын саралаған. Нәтижесінде қарбыздың әр гектарынан 60 тоннадан өнім жиналуда.

Талғат ЗЕЙДАЛИЕВ, ЖАЙЫЛМА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
 
Өнімді өткізуге көңілімізге күп тұғын. Облыс әкімдігі, аудан әкімдігімен тиісті орындармен жұмыстар атқару нәтижесінде диқандарға жасыл дәліз орнатылып, олардың қарбызды сатуға толық жағдай жасалды. Шілде айының басынан бастап қарбыздың сатылуына байланысты кесте жасаған болатынбыз. Жалпы массалық жобамыз дәл келіп, қазір 10 күн ішінде тәулігіне 800 тонна қарбыз сатылып отыр.


Жалпы жыл басынан бері Сыр диқандары 47 мың тонна ауыл шаруашылығы дақылын шетелге экспорттады. Басым бөлігі өңделген өнім. Шекарадан еш кедергісіз өткізу үшін көрші елдермен келісім алдын ала жасалыпты.

Сейілбек НҰРЫМБЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

47 мың тонна ауыл шаруашылық өнімдері экспортталды. Негізгі бөлігі күріш, енді ол өткен жылы жиналған ақталған күріш, балық бар, астық жемі бар, бірінші рет Сыр бойынан қамыс деген өсімдік бар соны құрылыс материал есебінде Германияға экспортталды. 1800 тоннаға жуық қарбыз Ресейге экспортталған.


Салаға жауаптылар жыл соңына дейін 20 мың тонна қарбызды шетелге экспорттауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, елдің солтүстік аудандарына да жөнелпек. Осылайша несібесін жерден тапқан шаруалар егіннің ебін тауып, ел ырысын еселемек. 

Д. Мұхаммедкәрім