$482.86 €533.17 ₽5.08
×

Балалар арасындағы мүгедектіктің себебінің бірі - егу болуы мүмкін

AstanaTV
27.09.2017ж. 20:00
4771
Балалар арасындағы мүгедектіктің себебінің бірі - егу болуы мүмкін

Вакцинациялау балалар арасындағы мүгедектіктің пайда болуына негізгі себептердің бірі болуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселені кешенді зерттеу қажет. Алматыда жарымжан балалар мәселесімен айналысатын қоғамдық ұйым өкілдері осындай бастама көтерді. Денсаулық сақтау министрлігі аталған мәселеге орай арнайы жұмыс тобын құрып, тиісті зерттеулерді бастаған. Тілші толықтырады.

Бибігүл Ботымбаеваның бесінші баласы өмірге сау болып келген. Перзентханадан шыққан соң үш айлығында жоспарлы вакцинациялау мақсатында емханаға келеді. Дәрігерлер көкжөтел мен сіреспе дертіне қарсы екпе жасап, баланы тағы бір ай өткенде екінші рет вакцина алуға шақырады. Алайда, көп ұзамай бала мүгедек болып қалды дейді. 

Бибігүл Ботымбаева, науқас баланың анасы:

Үш айлығында бізге бірінші АКДС салды, жақсы болатын. Еш өзгеріс байқалмады. Сосын төрт айлығында тағы бір рет АКДС салды. Соның ертесінен бастап бала жылай берді, мазасызданады ылғи. Сосын емханадағы дәрігерлерге барып едім, еш өзгеріс жоқ деді. Оларға сенбей, жекеменшік медициналық орталыққа барып қаралғанда, ДЦП деген диагноз қойды.

Мүгедек балалардың аналар қауымдастығы Бибігүл секілді аналардың басын қосып, Денсаулық министрлігіне талап қойып отыр. Олардың пікірінше, әсіресе, сал ауруына шалдығатын сәбилердің арасында екпе шараларынан соң, жарымжан болып қалатын деректер көбейген. Олардың арасында 5 пайызы перзентхана мен жергілікті емханаларда салынатын вакцинадан кейін айықпас науқасқа шалдығатыны байқалған.

Әсия Ахатова, мүгедек балалардың аналары қауымдастығы төрайымы:

Біз көптен бері вакцинациялаудың стандарттарын өзгертуді талап етіп келеміз. Ескі жүйе бойынша вакцинаны перзентханада сәби туылған соң ертесі салады. Туберкулездің алдын алуға арналған екпені кей балалар көтере алмауы мүмкін. Сосын үш күн толған соң ана мен нәрестені перзентханадан үйге шығарып жібереді. Оның ары қарайғы жағдайы көбіне бақылаусыз қалады. 

Ал Денсаулық сақтау министрлігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, медициналық мекемелердегі осындай фактілерді анықтауға көшкен. Ведмоство өкілі вакцинадан бас тарту дерегінің жылдан жылға артып келе жатқанын жоққа шығармайды. Бес жыл бұрын баласына екпе салдыруға қарсылар 500 адамның көлемінде болса, қазір ол 20 есеге артқан. Содан бері вакцина салдырмау салдарынан көк жөтелге шалдыққан балалар саны 30 пайызға артып кетіпті.

Айнагүл Қуатбаева, ҚР Денсаулық сақтау минситрлігі эпидемиологиялық сараптамалық орталығы директорының орынбасары:

Енді осыдан бірнеше жылмен салыстырғанда вакцинациядан бас тартқан ата-аналар саны 11 мыңның айналасында. Сонымен қатар вакцинадан бас тарту ата-ананың, баланың денсаулығын сақтауға деген құқығынан ажыратумен тең деп айтуға болады.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Дәрігерлердің дерегінше, елімізде бала дүниеге келгеннен бастап 16 жасқа шейін 10 түрлі ауруға қарсы 20-дан астам екпе салынады. Олардың бәрі міндетті емес, арасында ерікті түрде салдыратындары да кездеседі. Оған қарсы отбасылар түрлі діни көзқарастағы адамдар арасында да көбейіп отыр. Осыған орай Азаматтық қоғам және дін істері министрлігі заңға өзерістер негізу туралы ұсыныс айтып, вакцинадан бас тартқан ата-аналарға айыппұл салу туралы ұсыныс та білдірген болатын.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ