Бұл - Екібастұз қаласына қарасты Атығай ауылына апаратын жол. Жергілікті тұрғындардың айтуынша өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері бірде -бір рет жөндеу көрмеген. Тозығы жеткен жолдан әбден мезі болған тұрғындар арнамызға шағымданды. Асан Шұғайыпұлы - байырғы тұрғын. 30 жылдан бері жол азабын тартып келеміз деген ол, мәселені айтып бармаған жері, баспаған тауы, ашпаған есігі қалмағанын айтты. Бірақ нәтижеге қол жеткізе алмай келе жатқандарына күйінді.
Асан ШҰҒАЙЫПҰЛЫ, АТЫҒАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қараусыз қалған ауыл десең де болады. Иесіз қалған, иең дала қалған құсап ойлаймыз жолға қарап. Бірақ қаланың шетінде тұрамыз. 12-13 шақырым жерде. Көлігі бар адамдар жол азабын тартып тұрмызда. Екі күннің бірінде көлігіміз сынады. Екі күннің бірінде жанағы шұңқырға саламыз.
Жергілікті билік мәселені жақсы біледі. Олар жолдың проблемасы шешілмей келе жатқанына қаржы қолбайлау деп ақталды. Биыл жолға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжатын жасапты. Алайда, 13 шақырымға 130 млн теңге қажет болған. Қомақты қаржы жергілікті қазынада жоқ. Сондықтан жол биыл да жөнделмейді деді.
Бауыржан АХМЕТОВ, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Сметаға санағанбыз 130 млн. теңгедей қаражат қажет оған текущий ремонтқа. Бірақ, ол тиімсіз болады, далаға кеткендей болады ол ақша. Сондықтан сметаны әзірлеп, дұрыстап, основательно күрделі жөндеу жүргізу келесі жылы Алла жазса жоспарда бар.
Жергілікті атқамінер күрделі жөндеу жұмыстары қашан жасалатынын айта алмады. Атығай ауылында қазір 500-ге жуық халық бар. Елді-мекен қаланың іргесінде тұрғандықтан тұрғындары негізінен қалаға қатынап, жұмыс істейді. Ауылдың жан-жағы көмір кеніші мен зауыттарға толы. Сондықтан бұл жолмен ауыр көліктерде жүріп жүр. Тұрғындар ең болмағанда шұрық- тесік жолдарды жамап берсе де көрім болар еді дейді. Мұндай жеңіл-желпі жұмыстардың өзін шенділер келесі жылға қалдырып отыр.
Ө. Қуанар