Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Хиросима күні. Ядролық қаруға тыйым салу үшін күрестің бүкіләлемдік күні

AstanaTV
06.08.2020ж. 20:00
3762
Хиросима күні. Ядролық қаруға тыйым салу үшін күрестің бүкіләлемдік күні

Бүгін Жапонияның Хиросима қаласына атом бомбасының тасталғанынан 75 жыл болды. Бұл адамзат тарихындағы ең қанды қырғын. АҚШ тастаған ядролық қарудан 300 мың бейбіт тұрғын қырылды. Тағы 200 мың адам радиация зардабын көрді. Екінші Дүниежүзілік соғыс осындай қатыгездікпен есте қалған.

Атом бомбасының зардабын қазақ та көрді. Бірақ бізді жау бомбаламады. Семей өңірі тұтастай сынақ алаңына айланған. Қылышынан қан тамған қызыл империя бізді 91 жылға дейін радиациямен тұншықтырды. Елбасы бастамасымен сынақ алаңы жабылды. Кейіннен Тәуелсіз қазақ елі, "Адамзатты жаппай қыратын қарудың таралуына қарсы Халықаралық келісімге", қосылды.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:


Ядролық қаруды қадағалайтын жаңа жүйе құру қажет. Өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан мемлекеттердің қауіпсідігіне кепілдік берілуі керек.


"Полигонды жабу туралы шешім қабылдай отырып Елбасы халық тілегімен санасты", дейді "Невада-Семей қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменов. Ақын басқарған қозғалыста Семейдегі сынақты тоқтату үшін көп тер төккенін атап өткен жөн.

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, "НЕВАДА-СЕМЕЙ" ХАЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:


Кеңес Одағы ыдырай бастады. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев шұғыл шешім қабылдап 91 жылдың тамыз айында Семей полигонын жапты. Бұл, Қазақ елінің тәуелсіз қабылдаған алғашқы Қаулысы деп айтар едім. Өйткені ол кезде біз әлі де Одаққа бағынышты Қазақ КСРО-сы аталатынбыз.

Антиядролық дәуірді көзімен көріп білген және Атом бомбасымен күрес жүргізеннің бірі Кәріпбек Каюков. Ол, радиация салдарынан екі қолсыз туған. Дегенмен дарынды. Кәріпбектің салған суреттері осы күнде АҚШ, Жапония және Еуропа көрмелерінде тұр.

Кәріпбек КАЮКОВ, СУРЕТШІ:

Жапондар ойлапты Атом бомбасынан жапа шеккен жалғыз ұлтпыз деп. Кейін олар біздің де 40 жыл бойы радиация зардабын көргенімізді білгенде таң қалды.

Қазақ елі ядролық қарудан жәй ғана бас тартқан жоқ. Тәуелсіздік алғалы бері 30 жыл бойы осы Атом бомбасы сынағына қарсы күрес жүргізіп келеді. Бұл игі істе Елбасының халықаралық беделін осы күнде бүкіл әлем мойындаған.

Д. Мұхаммедкәрім