$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Карантиндік режимге қарамай ат шаптырым той жасайтындар азаймай отыр

AstanaTV
06.08.2020ж. 20:00
2794
Карантиндік режимге қарамай ат шаптырым той жасайтындар азаймай отыр

Мейрамханаларды жауып, той-жиынға тыйым салу тойшыл қауымға тұсау болмай тұр. Қызылордаға жақын Қызылжарма елді мекенінің тұрғыны дүбірлеген той өткізді. Келін түсіріп, қуанышы қойнына симай ел-жұрт жинаған. Асаба мен әншілерді ат терлетіп Алматыдан алдырған. Арасында әзіл-сықық саңлақтары да эстрада жұлдыздары да бар.

Тойдан шыққан әуен бүкіл Қызылжармаға естілген. Жергілікті атқамінерлер де білді әрине. Тойдың басына келіп хаттама толтырып кеткен. Бірақ той одан тарамады.

Мұратбек ЖАНҰЗАҚ, «АҚСАЙ» ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ БАСТЫҒЫ:


Қазіргі таңда халық нағыз осы сезонда үйленіп жатыр, оны біз де түсініп жатырмыз. Басқаша да жағдайлар болып жатыр. Қайтыс болған жерлерге жиналып жатыр. Оның бәрі, біз де мүмкіншілік болмай жатыр толығымен жауып тастап, неқылуға да.

Ертесінде той иесі алматылық жұлдыздарды шығарып салыпты. Әлеуметтік желіге видео жүктеп достарына сәлем жолдапты.

Той иесіне телефон соғып анық қанығын білуге тырыстық. Жас жігіт қысқа қайырды.

Бұл Сыр өңірінде дүркіретіп той жасап отырған бірінші адам емес. Карантин басталғалы бері аймақта 160 анықтама толтырылыпты. Бірақ ол тойды тоқтататын емес. Ел айыппұлдан жасқанып отырған жоқ.

М. Қожахметова