Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Шымкенттегі мейрамханада оқ атылды

AstanaTV
11.08.2020ж. 20:00
2508
Шымкенттегі мейрамханада оқ атылды

Шымкенттегі мейрамханалардың бірінде оқ атылды. Бір адам көз жұмып, тағы біреуі ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Қанды қылмыс кеше кешкісін қаланың шеткері аумағындағы «Grand praga» мейрамханасында болды. Күдіктілер қашып үлгерген. Оқиға орнына жеткен полицейлер, оларға тосқауыл қою мақсатында қала бойынша жол талғамайтын көліктерді тоқтатты. 

Қылмыс орын алған мейрамхана бүгін жұмысын жалғастыруда. Тек тілшілер келеді деп күтпесе керек, қанды қылмысқа қатысты тіс жарғысы да келмеді.

Ал мейрамхана ауласымен жапсарлас қоныстанғандар оқиғаның кешкі жетіге таяу болғанын баяндады. Айқай-шу естімегенімен бірнеше мәрте оқ атылғанын айтты. 

Сәуле ҚҰРЫМБАЕВА:
 
Кәдімгідей тааарс етіп бірдеңе жарылғандай болды. Мен үйде болдым. Дауысын естіп сәл қорықтық, бардым..скорая тұрған. -Неше рет атылды? –екі рет атылды-ау деймін.

Бейресми ақпаратқа сүйенсек, қанды оқиға қос қылмыс серкелерінің арасында болған. Біздің қолымызға болжамды күдіктілер туралы дерек түсті. Оқ атты деген күдікті 1989 жылы туған жігітке іздеу жарияланған. Әлеуметтік желілерде тіпті қаза тапқан және ауруханада жатқан жігіттер жайлы да мәліметтер тарап кетті. Айта кетейін, оқ тиген 35 жастағы азамат көп қан жоғалтқан, қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Кешелі-бері оны арнайы жасақ күзетіп тұр.

Нұржан ЕСТЕМЕСОВ, ШЫМКЕНТ қ. № 1 КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Екі балтырына тиген екі оқ және арқа бөлігіне бір оқ тиген. Бір оқ арқасындағы ол науқастың жағдайы тұрақталғаннан кейін қайтадан алынады. Түскен кезінде жағдайы ауыр. Ес-түссіз ба? –жоқ, есі бар.

Қазір осы іске қатысты «Адам өлтіру» және «Заңсыз қару-жарақ сақтау» баптары бойынша тергеу жүріп жатыр. Бас полицейдің дерегінше қанды оқиғаға әзірге бас-аяғы жеті адамның қатысқаны белгілі. Бірақ ол текетірес қылмыс серкелері арасында болды деген ақпаратты теріске шығарды.

Ералы ЖҰМАХАНБЕТОВ, ШЫМКЕНТ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Тергеу жүріп жатыр. Мен сіздерге жаңа айтып кеттім. Ол жерде бөлініп жатқан адамдар емес, бірге жүрген жігіттер. Дос болып жүрген... тіпті мен сіздерге айтайын, қайтыс болған жігіт пен атқан деген күдіктіміз екеуі жан жолдас.  Ұсталғандар бар. Олармен біз жұмыс істеп жатыр.

Полицейлер күдіктілердің арасында бұрын сотты болғандары бар деді. Ал оқтың қандай қарудан атылғанын айтпады. Өзге ақпараттарды тергеу құпиялылығына байланысты жарияланлауға болмайтынын жеткізді.

А. Төребекқызы