$488.45 €529.19 ₽5.04
×

Алматы облысына жаңадан келген Бас санитар дәрігердің басы бәлеге қалды

AstanaTV
13.08.2020ж. 20:00
3240
Алматы облысына жаңадан келген Бас санитар дәрігердің басы бәлеге қалды

Бас санитар дәрігер қызметіне кіріспей жатып, бәлеге қалды! Алматы облысына күні кеше ғана  тағайындалған Ерғали Сыдымановқа қатысты тәртіптік іс қозғалды. Бұл туралы мемлекеттік қызмет істер агенттігі хабарлады. Шендінің тұрғындармен кездескен мына видеосына қарап, құзырлылар осындай шешімге келген.

Жергілікті кәсіпкерлер жиналып, жаңа басшыдан сауда үйлерін, базарлар мен автобөлшектер сататын дүкендерді ашуды сұрапты. Тұрғындардың сауалына дөрекі жауап берген шенеуніктің әрекетін, денсаулық сақтау министрлігі де жақтырмады. Министр Алексей Цой қарамағындағыларға жаңа шендіге қатысты қызметтік тексеріс жүргізуді бұйырды

Бағдат ҚОЖАХМЕТОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:


Денсаулық сақтау министрі ғаламторда және БАҚ-та жарияланған видеоны зерттеді. Ол азаматтардың ренішіне түсіністікпен қарап, мұндай әрекет мемлекеттік қызметкерге лайықсыз деп есептейді. Осы орайда Алексей Цой Алматы облысының бас санитарлық дәрігеріне қатысты қызметтік тексеруді бастауды тапсырды.

Ерғали Сыдымановтың өзі, "Бұл видео монтаждалған" дегенді айтты. Қалай болғанымен облыстық бас санитар өзінің артық кеткенін мойындайды. Дөрекілігі үшін ол бүгін кешірім сұрады.

Ерғали СЫДЫМАНОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС САНИТАР ДӘРІГЕРІ:
 
Мен қарапайым отбасынан шыққанмын. Қарапайым халықтың баласымын. Халықпен етене жақын болу үшін барынша ашық сөйлесуге тырысамын. Кешегі жағдайда сәл дөрекілеу кетіппін. Олай жасамауым керек еді.


Жалпы соңғы кездері елде бас санитарлық дәрігерлердің атына шағым айтушылар көбейген. Ғаламторда бұл күйіп тұрған тақырыптың бірі.

Расул АБДУЛЛАЕВ, БЛОГЕР:

Біздің компаниямызға тексеріс келді. Мамандар кеңсеге кіріп келіп, бірден бетпердесі жоқ адамдарға айыппұлдар салды. Оның өзін айқайлап, әрқайсыларыңа 80 мың теңгеден деді. Болмаса 5 адам, 200 мың теңге ғана жинап беріңдер деді. Бұл дегеніміз заңсыз ақша жинау ғой.


Әлішер ЕЛЕКБАЕВ, БЛОГЕР:

Шынымды айтсам санитар мамандарына сене бермеймін. Өйткені салынған айыппұлдарды олар өз қалталарына салып алмайтындарына кім кепіл?! Бұлай бола берсе, масканың арқасында қалтасын қалыңдатқандар сөзсіз көбейді.


Осылайша бетперде әсерінен еселеп айыппұл арқалаған жігіттер басқаларды сақ болуға шақырады. Әрі шенеуніктерден жаппай тексеру жұмыстарынының тоқтатуын сұрады.

Ә. Лесбек