$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Павлодарда фермер мен ауыл шаруашылығы басқармасы субсидия үшін соттасып жатыр

AstanaTV
21.08.2020ж. 20:00
2443
Павлодарда фермер мен ауыл шаруашылығы басқармасы субсидия үшін соттасып жатыр

Павлодарда субсидия алып, басы дауға қалған фермер арнамыздан араша сұрады. Айтуынша, асыл тұқымды мал өсіру үшін алған қайтарымсыз ақшаны, өңірдің ауыл шаруашылығы басқармасы даулап жүр. Пайда таппақ болған кәсіпкер, керісінше шығынға ұшыраған. Тараптарды тыңдаған әріптесім Өзгеріс Қуанар жалғастырады. 

Жергілікті шаруа қожалығы 3 жыл бұрын 309 бас асыл тұқымды сиыр алған. Бұған фермер 180 млн теңге өз қалтасынан жұмсағанын айтты. Артынша субсидия ретінде 52 млн теңгесін Үкімет қайтарған. Алайда бағалы сиырлар ауруға шалдығып, 109-ын етке өткізіп жіберіпті. 

Виктор РЯМБОВ, "СЕРГЕЙ" ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Жарты жылдың ішінде сатып алған сиырларымыз жаппай бруцеллез ауруына шалдықты. Сондықтан, малымыз арам өліп қалмас үшін оларды союға мәжбүр болдық. Ауру екенін дәлелдейтін ветеринарлық құжаттарымыз бар. Пайда көрмек түгілі шығынға батып қалдық. Өйткені, бұл сиырлар  өте қымбат тұрады. 

Осыдан соң ауыл шаруашылығы басқармасы фермерді сотқа берген. Ол 18 млн теңге өндіруді сұрапты.  Алайда сот тек миллион теңгені ғана қайтаруды міндеттеген. Әйтсе де, басқарма сот шешімімен келіспей,  аппелациялық сотқа шағым түсірген. Атқамінерлер фермер алған қаражатты қайтармаудың жолына көшті деп отыр.

Жазира СҮЛЕЙМЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:


Субсидияны алған кезде фермер өзіне жауапгершілік алады. Яғни, саулық мал басын бір жылға, асыл тұқымды мал басын 2 жылға дейін сақтауға міндетті. Бұл заңдық норма. Әйтпеген жағдайда, қаражатты қайтарады. Бұл туралы фермер субсидияға өтініш берген кезде құжатқа өзі қол қойып келіскен болатын. 

Даулы бұл мәселеге кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын палата өкілдері араласты. Олар ауыл шаруашылығы басқармасының әрекетін түсіне алар емес. 

Сейфолла ҚАСЫМХАНОВ, "АТАМЕКЕН" ӨҢІРЛІК КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:


Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2017 жылғы бұйрығы бойынша малдың ауруға шалдыққанын дәлелдейтін құжаты болса, фермер  ешқандай  жауапгершілікке тартылмайды - деген норма бар заңда. Десе де, ауыл шаруашылығы басқармасы бұл заңнаманы жоққа шығарып отыр. Бұл дұрыс емес. Сотта, фермердің заңдық норма аясында жұмыс істегенін айтты.

Дауға айналған бұл мәселе енді аппеляциялық сотта қаралмақ.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Сот қыркүйектің 2-іне жоспарланып отыр. Десе де, фермер өз ісінің заңды екенін дәлелдеу үшін аянып қалмақ емес.

Ө. Қуанар