Елордалық ауруханалар мен емханаларда балаларды ақысыз сүндеттеу акциясы басталды. Екі күнге жоспарланған қайырымдылық шарасын "Nur Otan" партиясы ұйымдастырып отыр. Жанашыр кәсіпкерлер қаржылай көмек көрсеткен. Партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Қаналимовтың айтуынша, бірінші күні баласын сүндеттеуге 100-ге тарта көп балалы және тұрмысы төмен отбасылар келіпті. Ал, бала сүндеттеу осы күнде арзан емес. Оның орташа бағасы 25 мың теңге көрінеді.
Ерлан ҚАНАЛИМОВ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Жағдайы төмен отбасыларға қиын. Мысалға бір балаға 25-30 мың теңге кетсе, екі баласы барлар 60-мыңға дейін жұмсайды. Сондықтан бұл үлкен көмек. Балалардың қадамы оң болсын дегім келеді.
Сүндеттеуді "дүмше молдалар" емес білікті мамандар жүргізуде. Бүгінгі акцияға кәсіби хирургтар мен урологтар бригадасы қатысты. Демеушілер айтпақшы, бүгін сүндетке отырған балаларға арнайы сыйлықтар да табысталды.
Әйгерім БАХТЫБАЙ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бүгін акция жүріп жатыр. Соған өтініш білдіріп, ұлымды әкелдім. "Нұр Отан" партиясына өте ризамын. Көп көмек беріп, қолдап жатқанынан алғыс білдіргім келеді.
Ғ.Өтемісов