Қызылордалық балалар қашықтықтан білім алуға дайын емес. Бүгін облыс әкімінің алдына жиналған көп балалы аналар осылай деп шу көтерді. Олар биліктен қаржылай қолдау сұрап отыр. Тіпті оқуға қажетті техникаларды, уақытша емес, "басыбайлы беріңдер" деп талап қойды. Жауаптылар бұған не дейді? Тілшіміздің бейнематериалында.
Әдетте әкімдік қоршауынан әрі асырмайтын шенділер, жиналғандарды автобусқа отырғызып алып кетті. Полицияға емес, жақын маңдағы мектепке апарып, жиын өткізді. «Тұрмыстың тауқыметінен титықтадық» деген аналар биліктен қаржылай қолдау сұрап отыр.
Жадыра САЛЫБАЕВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА:
Әр балаға отыз мыңнан берілсін. Оқу құралдарына. Бізге киім-кешегі керек емес. АСП-ның продуктысын беріп жатыр. Адам жейтін нәрсе емес. Тек сүтін ғана ішіп жатқан шығармын.
Аналарды алаңдатқан жайт жалғыз бұл емес. Жаңа оқу жылы басталуына санаулы күн қалса да, қашықтықтан оқуға қажетті техникалар қолымызға тимеді- дейді олар.
КӨП БАЛАЛЫ АНА:
Компьютер, планшетті қайтарымды қылып беріп жатыр. Соны бізге қайтарымсыз қылып берсін. Онына дейін белгілі болады деді сентябрьдің. Қыркүйектің онына дейін балаларым сабаққа бармайды.
Базыналы халықты облыс әкімінің орынбасары өзі тыңдады. Ол барлығы заң шеңберінде шешілетіндігін айтып, талаптарының орынсыз екендігін ашық айтты.
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
9400-дің үстінде мектептің компьютерлері таратылып беріледі. Оған жұмыс жүріп жатыр қазір. Сонымен бірге республикалық бюджеттен 22 мың 800-дің үстінде электронды құрылғылар алынатын болады. Соны қайтарымсыз беріңдер дейді. Ол мемлекеттің мүлкі біз оны таратып бере алмаймыз. Өйткені біз мемлекеттің заң алдында жауап беретін боламыз.
Облыстық білім бөлімінің мәліметінше, жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың тоқсан пайызы қажетті техникамен қамтылған. Одан өзге демеушілер есебінен де жүздеген бала құрылғыға қол жеткізіпті. Ал дау тудырған жағдайы төмен отбасының балаларына берілетін заманауи құралдар бір айдың көлемінде иелеріне табысталады деп сендірді.
М. Тоқтасынқызы