$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Әуе отынының тапшылығы рейстердің тоқтауына себеп болуы мүмкін

AstanaTV
25.09.2017ж. 20:00
2793
Әуе отынының тапшылығы рейстердің тоқтауына себеп болуы мүмкін

«Эйр Астана» компаниясы авиаотын тапшылығынан қазан айында барлық рейстерін тоқтатуы мүмкін. Бүгін компания осы орайда ресми мәлімдеме жасады. Айтуларынша, қазір қазан айына жоспарланған 7 мың тонна отын сақталған. Бірақ ол тек бір аптаға жетеді. Мұндай тығырыққа тірелудің себебі - Ресейден экпортталатын әуе отыны тасымалының тоқтауы мен Шымкент мұнай өңдеу зауытының уақытша жөндеу жұмыстарына жабылуы деп отыр. Өйткені Қазақстандағы әуе компаниялары жылына 800 мың тонна отын жағады. Оның 240 мың тоннасын Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты өндірсе, қалғаны Ресейден тасымалданады. Ал «Эйр Астана» компаниясының жылдық қажеттілігі 350 мың тоннаны құрайды.

Тілек Әбдірахымов, «Эйр Астана» АҚ менеджері:

Қазіргі кезде «Эйр Астанаға» 10 күнге ғана отынды сақтауға болады. Бұл өте қысқа мерзім. Бұл отын тапшылығын шешуге көмектеспейді. Яғни 1 жарым айға дейін ұзартса, сонда мұнай тапшылығын жоюға болар еді бізге. Қазір осының салдарынан біздің ғана емес, басқа отандық әуе компаниялары мен шетелдік әуе компанияларының рейстері мүлдем тоқтап қалуы мүмкін.

Іле-шала Энергетика министрлігі де брифинг өткізді. Вице-министрдің айтуынша, Шымкент мұнай өңдеу зауытында аз-кем жөндеу жұмыстары жүреді. Бірақ ол авиаотын өндірісіне бөгет емес. Атырау мен Шымкент жоспардағыдай ай сайын 12 мың тонна өндіріп береді. Және Ресеймен келіссөздер жүріп жатыр дейді. Қазақстан тұтынатын авиаотынның 50 пайызын Ресейден импортайды.

Әсет Мағауов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

Ай сайын тұтынатын көлемді есептегенде, әлі 47 мың тонна екі апталық қор бар. Оның ішінде Шымкент пен Атырау өндірісі тоқтамайды. Қажетті көлемді шығарады. Иә, әуе компанияларымен бірлесіп, Ресейден келетін импорт мәселесін реттеу керек. Мәселе министрдің бақылауында. Апта сайын ресейлік әріптестермен сөйлесіп отырмыз. Олардың сыңайы жаман емес. Тек Ресейде де дефицит байқалады.