Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Солтүстік Қазақстан облысында астық ұрлайтындар көбейген

AstanaTV
07.09.2020ж. 20:00
1675
Солтүстік Қазақстан облысында астық ұрлайтындар көбейген

Солтүстік Қазақстан облысында астық ұрлайтындар көбейген. Орақ науқаны басталғалы бидайды жымқырудың 14 фактісі тіркеліпті. Полицейлер ұрылардың бидайды қаппен емес, тонналап қолды қылып жатқанын айтты. Арам пиғылдылар өзгенің мүлігіне неге қол сұғады? Танап басы бақылана ма? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин әңгімелейді.

Биыл қолайлы күн райына байланысты теріскейде егін бітік шықты. Бірақ сапалы бидайды тек диқандар емес, пысықайларда иемденуде. Аққайың ауданында Камаз көлігіне артылған 22 тонна астықты қолды қыла жаздаған 33 жастағы жүргізуші ұсталды. Ал Тайынша ауданында жергілікті полиция инспекторы бидайды тиеп бара жатқан тракторға күмәнданып, ізіне түскен. Оның да астық ұрлаған қылмысы әшкере қылды.

Нұрбек БАЕКИН, СҚО ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ:

Дереу полицияның кезекші бөліміне хабар берілді. Бұл ақпаратты анықтау үшін бірден тергеу тобы аттанды. Олар механизатордың үйіндегі қорасынан үш тоннадан астам астық анықтады. Бұл ұрлық фактісі қылмыстық кодекстің 188 бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп тексерілудің біріңғай тізіліміне енгізілді.

Полицейлердің айтуынша, қылмысқа баратындар сырттан келмейді. Шаруашылықтың өзінің адамдары пайда табу үшін қолайлы сәтті күтеді деді. Дегенмен қазір астық қоймаларына жаппай бейнекамералар орнатылуда. Бірақ, тәжірибелі диқан Эльдар Омаров одан нәтиже шықпайды деп отыр.

Эльдар ОМАРОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:


Біз он мың гектар аумаққа егін ектік. Оның бақылау оңай емес әрине. Кейбіреуі дрондардың көмегіне жүгінеді. Бірақ ең алдымен жауапты кісілерге сенім артқан жөн. Біз астықты камаздарға тиеген соң, оның салмағын жазып алып жібереміз. Қоймада қарсы алатын кісілер де барлық көрсеткіштерді жазып алып отырады. Бейнекамералардан барлық көліктерді көру мүмкін емес.

Жиын-терім науқаны басталғалы теріскейде астық ұрлығының он төрт жағдайы тіркелген. Бұл былтырғы жылдан қарағанда бір жарым есе көп. Тамыздың орта белінде рейд шараларын қолға алған полицейлер, қазір жұмыстың күшейтілген режиміне көшті.

А.Құрманкин