Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топтар, арнайы сценариймен жұмыс істепті

AstanaTV
07.09.2020ж. 20:00
3245
Мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топтар, арнайы сценариймен жұмыс істепті

Түркістан облысында мал ұрлығы тиылмай тұр. Ұрылар жайылымды айтпағанда, қорада қамаулы тұрған төрт-түлікті де қояр емес. Әсіресе қамбар ата төліне көз тіккендер көп, дейді полицейлер. Соңғы екі жылда аймақтағы 23 тұрғыннан арыз түскен. Жәбірленушілерге келген шығын көлемі шамамен 40 млн теңге болады. Тәртіп сақшылары ұрланған малдарды жуырда Төлеби ауданы маңынан тапқанын хабарлайды. Оңай олжаға құныққандар жылқыларды бір жерге қамап, шетінен сатып келген. Полиция 42 жылқыны тәркіленіп, иелеріне қайтарыпты.

Жайшыбек ТОТАЕВ, ҚАРАТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Түнде келіп, аттың есігі темір еді. Темірді бұза алмастан артынан дуалды бұзып, дуалдап алып кетіп қалған атымды. Содан азанда ерте тұрып 102-ге хабарластым. Тауып берді.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыс бойынша мал ұрлаумен айналысқан 15 қылмыстық топ құрықталыпты. 43 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Құзырлы органның дерегінше, қылмыстық топ жоспарланған сценарий бойынша жұмыс істеген. Бірі -төрт-түлікті артып әкетсе, екінші топ  - қора-жайында жасырып ұстап отырған. Полиция тіпті ұрланған малды сатып алғандар да жазанады деді.

Сұлтанбек ҮСІПБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі таңда екі қылмыстық топ құрықталып отыр. Бір қылмыстық топ үш адамнан құралған, екінші қылмыстық топ бес адамнан құралған. Аталған топтың күдіктілерінің барлығы алдын бірнеше рет ұрлық қылмыстарымен сотты болған.

А. Төребекқызы