Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Праймериз кандидаттары арасында дебат басталды

AstanaTV
14.09.2020ж. 20:00
3613
Праймериз кандидаттары арасында дебат басталды

Бүгін праймериз кандидаттары арасында дебат басталды. Пікір-сайыстың алғашқы күнінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау және Орал қаласының үміткерлері бақ сынасты. Қатысушылар арасында бәсеке қызып тұр. Олардың әрбірі өз өңіріндегі күрмеуі қиын күрделі мәселелерді жіпке тізіп, оның шешу жолдарын ұсынды.

Ортақ мәселе - халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Ол үшін тұрмысы төмен жандарға қолдау көрсетіліп, қамкөңіл жандар назарсыз қалмауы тиіс. Бүгін дебатқа шығып, пікір таластырған оралдық кандидаттардың сөзі осылай өрбіді. Қатысушылар инфрақұрылымды жаңарту, халықты баспанамен қамту, қоғамдық көліктің жұмысын жақсарту мәселесін көтерді.
 
Мұрат МҰҚАЕВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ БҚО ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Халықтан жүздің үстінде аманат түсті. Әрине, бұл аманаттарды біз әрі қарай жинайтын боламыз. Содан кейін ішіндегі ең өзекті деген мәселелерді сайлауалды бағдарламасына міндетті түрде қосатын боламыз.

Ал атыраулық кандидаттарды аймақтағы экологиялық ахуал алаңдатады. Сондай-ақ, өңірде сыбайлас жемқорлық та өршіп тұр. Халықты интернетпен қамту және кәсіпкерлікті қолдау жағы да ақсайды. Кандидаттар сайлауалды бағдарламасына осы тектес мәселелерді арқау етіпті.  

Нұрлыбек ОЖАЕВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ АОФ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл жерде ешбір кандидатқа да шектеу қойылған жоқ. әркім өзінің қабілетіне қарай, қоғамда болып жатқан үрдіске, қосар үлестерінің төңірегінде пайымды, тұжырымды, нақты бағдарламаларымен шығып жатыр деп есептеймін.


Саяси науқан Алматыда да қызып тұр. Пікір-сайыстың алғашқы күні Әуезов ауданының кандидаттары бақ сынасты. Айта өтейік, праймеризге бұл ауданнан бас-аяғы 23 адам қатысады. Соның төртеуі бүгінгі пікірталасқа түсті. Ал шараның өзі партияның әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы онлайн көрсетіледі.

Найля ОРДАБАЕВА, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ АЛМАТЫ қ. ӘУЕЗОВ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Барлық кандидаттарға бірдей мүмкіндік берілген. Бүгінгі дебатта сол теңдікті көріп отырмыз. Кандидаттар әртүрлі саланың өкілі және өздеріне жақын тақырыпты көтеріп жатыр. Сонымен қатар, праймеризге деген сенімі жоғары.


Ал, нұрсұлтандық үміткерлерді, ел астанасында орталықтанған кәріз жүйесінің жоқтығы мазалайды. Кандидаттар нөсер жауын жауса, елорда көшелерінің су астында қалатынын тағы бір мәрте еске салды. Бұдан бөлек, қаладағы үлескерлердің мәселесі де әлі шешімін таппаған. Елордалық кандидаттар дебатқа медициналық бетпердесіз қатысты.

Ерлан ҚАНАЛИМОВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Оның бір түсініктемесі біз бүкіл қатысушалар мен жүргізушілердің барлығымен сайыстың алдында 3-4 күн бұрын ПТР тестен өткізген болатынбыз. Барлығын тегін түрде өзіміздің меморандум аясында. Біздің бүкіл 600-ден астам адам. Соның 384 қатысушылар, қалғаны коммися мүшелері.


Айта өтейік, праймериздің пікір-сайысы онлайн режимді өтіп жатыр. Бұл кезең 29 қыркүйекке дейін жалғасады. Ал сайлау 1-ші қазан күні өтеді. Дауыс беру үшін міндетті түрде партия қатарында болу шарт.

А. Мүтәлі