Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Праймериз кандидаттары арасындағы дебат жер жерде қызу өтіп жатыр

AstanaTV
15.09.2020ж. 20:00
2688
Праймериз кандидаттары арасындағы дебат жер жерде қызу өтіп жатыр

Праймериз кандидаттары арасындағы дебат қыза түскен. Бүгінгі жария пікірсайыста Алматы, Түркістан, Павлодар мен Тараз қалаларының үміткерлері қатысып, бақ сынасты. Додада оза шабудан үміттілер өз аймақтарындағы күрмеуі қиын мәселелерді ортаға салып, оны шешу жолдарын ортаға салды.

Түркістанда праймериз қатысушыларының пікірсайысы ерекше өтті. Кандидаттар ашық аспан астында сөз жарыстырды. Кезінде талай билер кеңесі өткізілген киелі шаһар төріндегі дебат амфитеатрда ұйымдастырылды. Мұндай орындар бір кездері күш салыстыратын орын болса, бұл жолы ой сайыстыратын орталыққа айналды. Төрге жайғасқан алты үміткер әлеуметтік мәселе, туризм кластері мен медицина саласын дамыту жайын көтерді. Жастарға жағдай жасау жағын да қозғап, оны шешу жолдарын да ұсынды.

Бейсен ТӘЖІБАЕВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Жалпы облысымыз бойынша осы белгіленген кезеңде 200-ден астам дебат ұйымдастырылады. 1 мыңнан астам азамат осы дебаттарға қатысады. Осының нәтижесінде біздің партияластар дауыс беру кезеңінде ең өзінің пайым парасатымен, білім тәжірибесімен көпшіліктің алдында көзге түскен үміткерлерді біз нағыз «Nur Otan»-ның жеке лидері, үміткері ретінде танитын боламыз.   

Алматының Наурызбай ауданында өткен ашық дебат партияның әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Олар өз жоспарларын бес минутқа сыйғызып, баяндады. Есесіне сұрақ-жауапқа көбірек уақыт бөлді. Бұл аудан бойынша 11 кандидат тіркелген. Бүгін соның 6-уы пікірсайыста бақ сынады.  

Ербол КҮМІСҚОЖАЕВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ АЛМАТЫ қ. НАУРЫЗБАЙ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Бүгін жариялық пікір-сайыс өткізілді. Оның барысында біздің барлық үміткерлер өздерінің бағдарламаларын таныстырп өтті. Менің ойымша барлық қатысушылар, үміткерлер Қазақстанның дамуына өз үлесін қосуға дайын.

Павлодардық кандидаттар болса, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға баспана беру мәселесін көтерді. Сондай-ақ мектептердегі орын тапшылығын сөз етті. Бұл өңірде 612 үміткер тіркелген. Олардың жарыссөздеріне арнайы жүз алаң әзірленді. Қала тұрғындарының арасында пікірсайыста көтерілген мәселелерге көңілі толмағандар да табылды.

Шора ӘНІС, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Қазіргі болып жатқан оқиғаға байланысты мысалы үшін пандемия деп жатыр иә, соған байланысты мықты іс-шаралар, қазіргі халықтың хал-ахуалын қалай көтеруге болада, экономиканы қалай дамытуға болады? Негізі осындай өте үлкен тақырыптар қозғалуы керек деп ойлаймын.


Таразда өткен жарыссөзде кандидаттар тілдің жайын сөз етті. Ұстаздардың мәртебесін көтеру,  инфрақұрылымды дамыту жағын да қозғады. Сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою жолдары да ұсынылды. Айта кетейін,  Жамбыл облысы бойынша 853 үміткер тіркелген. Басым бөлігі өзін –өзі ұсынғандар.

А. Төребекқызы