Елордалық шенеуніктер, Қызыл су көшесінің тұрғындарын ғана емес, біз де алдап соқты. Бұқараның базынасын тамыздың 27-сі күні, осы "ТелеРепортер" айдарында айтқан едік. "Сап-сау жолды жөндейміз деген желеумен мамыр айында қазып, бірақ жұмысты аяқсыз қалдырғанын" айтып көрермен шағымданған болатын. Тікелей эфирде Нұр-Сұлтан қалалық, көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Руслан Абдуалиев қыркүйектің ортасына дейін жол жасалады деп уәде еткен. Сол уәдені тағы бір тындап алайықшы.
Руслан АБДУАЛИЕВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ КӨЛІК ЖӘНЕ ЖОЛ-КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Жоспар бойынша біздер қыркүйек айының 15-нші жұлдызына қарай ол көшені істеп шығуға жоспарлап отырмыз.
Бүгін біз бұл мәселе қаншалықты шешілгеНін білмек болып Қызыл су көшесіне бардық. Бірақ "баяғы жартас сол жартас". Көше тізеден төмен қазылып тасталған. Ол батпақты көЛшікке айналған. Адам жүретін жалғыз аяқ жолдың өзі жаңбыр суына езіліп кетіпті.
Жұмабай ҚҰТЖАНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Әкімдіктегілер 15 қыркүйекте жолды жөндеп бітіреміз деп уәде берген. Енді өздеріңіз көріп тұрсыздар, қандай жол болып тұрғанын. Не су таси алмаймыз, не көмір кіргізе алмай отырмыз. Міне, қыс та келе жатыр мына батпақтан жүру қиын болып кетті, үйден шығуға да. Көрмейсіз бе, суды ертең жаңбыр жауса тағы мына жер көлге айналады.
Сөз берген шендімен қайтадан хабарласып көрдік, бірақ Руслан Абдуалиев телефон тұтқасын көтермеді. Бізбен қазір байланыста Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы Жол құрылысы және жөндеу бөлімінің бас маманы Азамат Қарағозин бар екен. Азамат мырза, қайырлы кеш! Біздің не үшін қайта қоңырау шалып тұрғанымызды жақсы білетін боларсыз. Сөзден іске қашан көшеміз?
Азамат ҚАРАҒОЗИН, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ ЖОЛ ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ЖӨНДЕУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Ассалаумағалейкүм! Қазіргі уақытта Қызыл су көшесінде жұмыстардың жүргізілмеуі мердігер компанияның кесірінен тоқтатылды. Басқарманың атынан бас мердігер ұйымға шартты міндетінің орындалмауына байланысты хат жолданды.
Нұр-Сұлтанда күн суытты. Үй де суып кетті. Жаңа айтқан тұрғынның уәжін естідіңіз көмір әкеле алмай отыр. Қашан жол болады, енді нақты айтыңызшы?
Азамат ҚАРАҒОЗИН, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ ЖОЛ ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ЖӨНДЕУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Нақты уақыты бір айдың ішінде бітіруге тырысамыз. Уақыты 15 қазанға дейін.
Сұхбатыңызға рақмет, Азамат мырза. Бұл мәселе шешімін тапқанша біз Сіздерді тағы да мазалайтын боламыз. Мәселе бақылауымызда болады. Қымбатты көрермен, "Телерепортер" айдары сіздер үшін қызмет етеді. Сіздің де өзекті мәселеңіз болса, хабарласыңыз! Біз сізбен біргетікелей эфирде жауабын іздейміз.
А. Данияр