Солтүстікте үй құсының қандай дерттен қырылып жатқаны белгілі болды. Зертханалар, "Құс тұмауы" келгенін ресми түрде растады. Қауіпті індет аймақтағы жеті ауданнан анықталып отыр. Ендігі сұрақ бұл дерт адамға қауіпті ме? Мұны аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин білді.
Солтүстікті үрейлендірген індеттің не екені араға екі апта салып белгілі болды. Ветеринарлардың айтуынша, үй құстары "құс тұмауынан" қырылып қалған және ол дерт көрші Ресейден кірген. Жарты ай ішінді қауіпті ауру аймақта 20 мыңнан аса қаз-үйректі қырып үлгерген. Бұл шаруалардың ауызынан шыққан сөз. Ал, ресми дерек одан үш есеге төмен.
Берік ӘЛЖАНОВ, СҚО ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Зерттеу нәтижелері алынды. Осы нәтижелерінен құс тұмауы диагнозы алынды. Әкімдік қаулысымен осы жеті ауданның елді-мекендерінде карантиндік шаралар енгізіледі. Карантин кезінде осы елді-мекендерден құс өнімдерін шығаруға тыйым салынады. Республикалық қордан 870 мың доза вакцина бөлінді.
Құс тұмауы өңірде талай шаруаны тақырға отырғызды. Бұл жергілікті тұрғындарды да үрейлендірді. Ел үйдегі құсын жаппай сойып, арзанға сата бастады. Үйрек-қаз еті туралы хабарландыру Қызылжарда шаш етектен. Көп жарнаманың ішінен құс фабрикаларын да кездестіруге болады.
ҚҰС ФАБРИКАСЫ:
Әлі сойылмаған үйректерді бір мың теңгеден сатамыз. Олар былтырғы болған соң, арзанға сатылып жатыр. Бірақ құстың ауру емес екені жөніндегі анықтама жоқ. Сараптаманы сатып алушылар өздері жасайды.
Ал, эпидемиологтар болса, құс тұмауының жұртқа қауіпті екенін айтады. Яғни ауру құсты қолмен ұстау қауіпті. Ол аздай, қауіпті дерт ауа арқылы да тарай береді. Ал, ауырып қалған адам дәрігер көмегіне дер кезінде жүгінбесе, өліп кетуі де мүмкін екен. Алайда, одан сақтану жолдар бар.
Толқын ҚАЖЕНОВА, СҚО ТАУАРЛАР МЕН КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Егер де медициналық көмекке кеш жүгінетін жағдайда, өкпе жетіспеушілігінен және қосымша созылмалы аурулары болатын болса мүмкін. Құсты қалыпты температурада пісіру кезінде оның барлық бөліктерінде 70 градустан жоғары пісіріліп, ысталуы керек. Осы кезде ғана вирус өледі.
Ветиринарлардың сөзіне сенсек аймақтағы 6 құс фабрикасы құс тұмауынан аман екен. Індет тарап кетпес үшін, мамандар бірқатар аудандарда оқшаулау шарасын өткізіп жатқан көрінеді.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Карантин жарияланғандықтан, құсынан айырылған тұрғындарға өтемақы нарықтық бағаға сәйкес төленеді, дейді ветеринарлар. Бірақ құс мүрделерін жағып жіберген жұрт толық өтемақыға ие болу үшін оның санын қалай дәлелдейтіні әзірге белгісіз.
А.Құрманкин