$481.84 €531.33 ₽5.07
×

Түлектердің бір бөлігі бірыңғай ұлттық тестілеуден босатылуы мүмкін

AstanaTV
22.09.2017ж. 20:00
3992
Түлектердің бір бөлігі бірыңғай ұлттық тестілеуден босатылуы мүмкін

Оқу орындарына грантпен түсетіндер емес, ақылы негізде қабылданатын түлектер бірыңғай ұлттық тестілеуден босатылуы мүмкін. Бұл туралы Сенатта өткен парламенттік тыңдауда Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеді. Жиында мұғалімдердің жалақысы жайлы да әңгіме болды. Ал қоғамның наразылығын тудырған оқулықтардағы қателерге қатысты палата төрағасының өзі сын айтты. Сенаторлармен қоса министрге әріптесім Айгүл Әдепбай да сұрақ қойып қайтты.

Басынан дау арылмаған Білім және ғылым министрлігіне қарасты орта білім беру саласының мәселесі Сенатта майшаммен қаралды. Жоғарғы палата төрағасының өзі мектептерде білім берудің сапасыздығын айтып сынады.

Министрліктің басты бас ауруы - оқулықтар. Нақтыласақ, олардың ішінде өріп жүрген қателер. Әр 4 жыл сайын жаңа оқулық басылып шығады. Енді бұл үрдіс тоқталады деп сендірді бас ұстаз Ерлан Сағадиев. Алайда білім берудегі таусылмайтын реформаларға ата-аналар ғана емес, депутаттар да наразы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Мектептердегі білім беру формалды түрде. Шынайы оқу екінші сатыға ысырылып қалып жатады. Әсіресе жоғарғы сыныптарда бірыңғай ұлттық тестілеудің көрсеткіштеріне ден қояды. Мектептің рейтингіне нұқсан келмес үшін, тек жақсы нәтижелерді көрсетуге бағытталған. Оқу құралдары үнемі жаңартылып, қайта -қайта басылып шығады. Сондықтан экспертиза мәселесін жетілдіру керек.

Атышулы 7 сыныпқа арналған орыс тілі оқулығының авторы бүгін тағы жұлдызға айналды. Кешкі Ургант бағдарламасын көріңіздер деген тапсырмасы бар оқулықты сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі парақтап шықты. Және автор Зинаида Сабитованы танымалдылығымен «құттықтады».

Экспертиза должна поработать над этим учебником. Во всяком случае, вы прославились. Первую задачу выполнили. Теперь вас все знают.

Ал бас ұстаздың қарша бораған сынға әбден үйреніп қалғаны байқалады. Наразы адамдар үнемі болады деп сабырлы қалпынан танбады. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты жағымды жаңалығын да жеткізді. 

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

Биылғы жылы ЖОО-на 36,5 мың грант бөлінді. Партия «Ақ жол» предлагает отменить ЕНТ для всех, кто поступает в ВУЗы на платной основе. Этот вопрос сейчас обсуждается. То есть предлагается оставить ЕНТ только как систему распределения госгрантов.

«Ұстаздардың жалақысы төмен. Мамандықтын мәртебесі жоқ». Осылай деген Сенат төрағасы «Үкімет мұғалімдердің алатын ақшасын қайтіп көтереміз деген мәселе төңірегінде ойлансын», - деді. Айтуынша, білім беру саласындағы жалақы ең төменгі айлық деңгейінде қалып отыр. Яғни жұрттың баласын оқытып, әрі тәрбиелеп бейнеттенуден көз ашпайтын ұстаздың еңбекақысы республика бойынша орташа деңгейдің 66 пайызын ғана құрайды. 

Айгүл Әдепбай, тілші:

Алайда ұстаздардың айлығын өсіріп қуантудың реті жақын арада келе қоймайтын сияқты. Өйткені бюджетте артық ақша жоқ көрінеді. Білім және ғылым министрі жоғары мінберді пайдаланып "басқа салалардың ақшасынан біраз үнемдеп, бізге берсе"  дегендей ойын да бүгіп қалмады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ