Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Павлодарда тағы бір бала трамвайдың астына түсті

AstanaTV
22.09.2017ж. 20:00
3113
Павлодарда тағы бір бала трамвайдың астына түсті

Павлодарда тағы бір бала трамвайдың астына түсті. Абырой болғанда, жеткіншек аман. "Бас миының шайқалуы" диагнозымен қазір ауруханада жатыр. Трамвай жүргізушісінің айтуынша, 11 жасар ұл бала жүріп келе жатқан қоғамдық көліктің жолына өзі секірген көрінеді. Бұл дерек бойынша тексеру жұмыстары басталды.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Кеше кешкісін 1 мамыр көшесіндегі жол бағытында 11 жасар жеткіншек қоғамдық көліктің астына түскен. Абырой болғанда, жолаушылардың арасында құтқарушы болған. Ол баланы трамвай астынан алып шығуға көмектесіпті. Дереу ауруханаға жеткізілген балаға тиісті ем-дом жасалған.

Серік Нұрланов, травматология бөлімшесінің меңгерушісі:

Орташа ауыр жағдайда түсті. Мидың шайқалуы, жабық бас-ми жарақаты диагнозы қойылды. Денесінде көгерулер бар. Қазір жағдайы жақсарды. Тұрақты. Бір аптадай жатып, емделеді.

Кешегі болған оқыс жағдай трамвай жүргізушісі Балзада Райысованың әлі көз алдында. Қоғамдық көлікті басқаруда 12 жылдық тәжірибесі бар маман баланы алыстан байқағанын айтады. Дыбыстық белгі беріп, жылдамдықты бәсеңдеткен. Бірақ, жеткіншек ештеңені елемей, вагонның астына қарай ұмтылды, - дейді ол.

Балзада Райысова, трамвай жүргізушісі:

Мен баланың тура жүгіріп келіп, вагонның астына секіргенін көрдім. Мен шұғыл тежегішті бастым. Бірақ, вагонды бір мезетте тоқтату мүмкін емес. Жолаушылар сақ болса екен деймін. Ата-аналар балаларына жол ережелерін үйретсе, дұрыс болар еді. Өйткені біз үшін қазір жұмыс істеу өте қиын болып кетті.

Әйелдің сөзінше, трамвайдың астында қалған бала құтқару шарасы кезінде есін біліп жатқан. Тіпті, өзі шығуға әрекеттеніпті. Тәртіп сақшылары бұл дерек бойынша тексеру жұмыстарын бастады.

Руслан Оспанов, Павлодар облыстық ІІД баспасөз хатшысы міндетін атқарушы:

Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Сондай-ақ, баланың ата-анасын немесе жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы мәселе қарастырылып жатыр.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Білім бөлімінің ақпарынша, бала 6-шы сыныпта оқиды. Толық отбасынан шыққан, ата-анасының тұрақты жұмысы бар. Мамандар жеткіншектің анасымен кездесіп, әңгімелескен. Әйел ұлының рельске үйдің кілтін абайсызда түсіріп алып, оны көтере бергенде құлап кеткенін айтқан көрінеді.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ