Ал, Қызылжарда парамен ұсталған базардағы ветеринар айыппұлмен құтылды. Бұл туралы антикор мамандары хабарлады. Базардағы еттің сапасына жауапты маман маусымда парамен ұсталған. Ол тауардың сапасына "көз жұма қараған" қызметін 10 мың теңгеге дейін бағалап келген. Жедел операцияның нәтижесінде етті тексеріссіз өткізбек болған үш кәсіпкер де ұсталған. Заңсыз әрекетке барған ветеринардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданды. Екі ай істі қараған сот парақорға 800 мың теңгеге жуық айыппұл салған.
Нұрлан ЖАХИН, ҚР СЖҚІҚ АГЕНТТІГІ СҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Қалалық ветеринарлық инспекциясының бас маманы етті құжатсыз қабылдап, бірқатар кәсіпкерлерді қамқорлыққа алғаны үшін сот оны 787 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді. Ветеринар алған пара көлемі 2 мыңнан 10 мың теңгеге дейін болған. Ол ұсақ болып көрінеді. Бірақ бір жылдың барысында күнде осындай көлемде пара алсаң, қомақты қаражат жиналып қалады.
Айта кету керек, жыл басынан бастап теріскейде сыбайлас жемқорлыққа жол берген 67 адам ұсталды. Жалпы шығын көлемі 500 миллион теңгеге жуықтайды.
А. Құрманкин