Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Ақсай өзені жағалауындағы үйлердің құрылысы заңды ма?

AstanaTV
24.09.2020ж. 20:00
4253
Ақсай өзені жағалауындағы үйлердің құрылысы заңды ма?

Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Көксай ауылының бұрыңғы әкімі өзі тұратын көшеге асфальт төсеп алған. Жергілікті халық өгейдің күйін кешіп отырғандарын айтып, арнамызға хабарласты. Ақсай өзенінің айналасында салынып жатқан құрылыс та заңсыз жүріп жатыр деп дабыл қақты. Атқамінерлер ауылдағы түйткілді мәселелерді неге шеше алмай отыр? Әріптесім Аршын Кемелжан тараптардың тыңдады.  

Алматының іргесінде орналасқан Көксай ауылы ертеден бар. Бүгінде керегесі кеңейгенімен,  көсегесі көгермей келеді. Елді-мекенде бірқатар мәселе қордаланып қалған. Шаңы аспанға көтерілген жолдардың өзі ойдым-ойдым. Жаңбыр жауса көлік тұрмақ жаяу жүрудің өзі мұңға айналған.  

Қамыжан ТӘЖІБАЕВА, КӨКСАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жауынды күні бала-шағамыз батпаққа батамыз, өзіміз жүре алмаймыз, машинамыз батпаққа батып, көршілер біріміздің машинамызды біріміз итеріп, әйелдер, еркектер итеріп машинасын зорға шығардық. Бір жылда екі-үш етік киеміз, шынын айтсақ.

Тұрғындар ауылдың бұрыңғы әкімі, өзі тұратын көшеге асфальт салғызып алғанына ашулы. Өгей баланың күйін кештік деген халық, "қолда барда қонышынан басты" деп отыр. 10 мыңнан астам халқы бар елді-мекен әлі күнге жол салғыза алар емес.

Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ:

Көксай ауылы тұрғындарының тынышын кетірген тағы бір түйткілді мәселе – Ақсай өзенінің аңғары. Күні кешеге дейін су қорғау жолағы болып келген аумаққа бүгінгі күндері жеке үйлер қаз-қатар тізіліп салынып жатыр. Нәтижесінде, Ақсай өзенінің арнасы тарылып, қоқысқа толып кеткен.


Нүрипа КЕРІМБАЕВА, КӨКСАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Былтырда салынған біраз үйлер.Төмен жағымызға жаңадан сатылған жерге жаңа жатақхана соғамыз, деп жатыр екен. Соған он үй болсақ та рұқсат бермей отырмыз. Жердің бәрі сатылып кеткен.

Тіпті, кәріз қалдығын арнайы көліктер осы өзенге әкеліп төккендерге куә болғандарын айтты. Ал, ауылдың учаскелік инспекторы мен әкімін шақырып, келтіре алмаймыз, дейді. Іргелі ауылдық округінің әкімі болса, өткен жұмада ғана жұртпен тілдескен. Ал, су жағасындағы құрылыстардың заңды немесе заңсыздығын тек тұрғындардың жазбаша арызынан соң ғана тексере алатындарын ескертті.  

Абылай ЫСҚАҚОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ІРГЕЛІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Ол кісілермен сөйлесіп алдында айтқан кезде өтініш жазамыз деген. Сол өтініштерінде жол мәселесі, қоқыс мәселесі, судың жағасында үй соғу мәселесі бойынша жазып өтсе, біз заң жүзінде тексеріп, заңды ма, заңсыз ба? Тексереміз. Ол кісілерге айтқам жол бойынша биылға жол жоқ. Келесі жылға біз жоспарлаймыз.

Жұрт жергілікті биліктен үміт үзген. Уәделеріне де сенбейді. Өйткені әкім ауысқан сайын, "ит үрді керуен көштінің" кейіпін киеміз дейді.

А. Кемелжан