$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қуаңшылықтың кесірінен Батыс Қазақстанда мал азығы тапшы

AstanaTV
29.09.2020ж. 20:00
4342
Қуаңшылықтың кесірінен Батыс Қазақстанда мал азығы тапшы

Жұт жеті ағайынды. Батыс Қазақстан облысының шаруалары малға қысқы азық таппай тарығып отыр. Өйткені биыл жарытып шөп шықпаған. Осыдан болар бар азықтың бағасы жылдағыдан еселепті. Жауапты мамандар биыл өңірдегі өзен-көлдерге су жеткілікті деңгейде келмеді әрі жарытып жаңбыр да жаумады деп отыр. Тілшіміз жалғастырады.

Жағдай аймақтағы Қазталов, Ақжайық және Жаңақала аудандарында ұшығып тұр. Кейбір қожалық қысқы мал азығын қазір басқа аудандардан тасып жүр. Шаш-етектен шығынға батса да, қолдағы малды сақтап қалудың жалғыз амалы - осы,- дейді. Ал жағдайы жетпегендер қамыс пен қоғаны шауып жатыр. Бірақ қыстан қиналмай шығуға бұл да жеткіліксіз екенін мойындайды.

Әділбек ЖАНБОЛАТОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Мал азығы жоқ. Енді білмейміз, енді проблема болып жатыр. Мына өзекті мәселе жасыратыны жоқ. Қозғау керек. Қозғағанда кім қозғайды? Енді Үкіметтен бір көмек  сұраймыз. Басқалай қайда барамыз енді?

Жеңісбек АХМЕТОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Екі жылдан бері су жоқ. Судың жағдайы мынау, көкпеңбек балшық. Малымыз батады. Малға бір апталық су қалды деуге болады. Соңғы екі жылдан бері көріп келе жатқанымыз осы. Жылда су болмайды.

Өңірде биыл жауын аз түскен. Сырттан келетін тіршілік көзінің мөлшері де азайған. Осылай деген жергілікті атқамінерлер қуаңшылық мал азығының қымбаттауына түрткі болды деді. Қазір бір бума шөп 9 мың теңгеге дейін саудалануда.

Жақсығали ЖАМБАЕВ, БҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Қазір облыстың үш ауданындағы шаруа қожалықтары көрші аудандардағы әріптестерімен келісім жасап, артылған шөпті тасып жатыр. Осы келісімге сай 30 мың тоннаға тарта шөп жеткізілді. Қазір аудандардағы бір бума шөптің бағасы 4000-9000 теңге аралығында. Бірақ біз бағаны реттемейміз. Оған құзырымыз жоқ.

Аудан әкімі шөп басқа аудандардан жеткізіліп жатқан соң, әрине қымбат болады деп отыр.

Наурызбай ҚАРАҒОЙШИН, ЖАҢАҚАЛА АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:


Тасымалданған шөптің бағасы әрине қымбат. Бізде бес ауылдық округтерінде мал азығын жеңілдету бағытында аудандық бюджеттің төтенше жағдайлар резервінен жану-жағармайын бөлу арқылы жұмыстар жүргізілуде. Бұл аз қамтылған отбасыларына ғана қаралып отыр.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, өңірде қысқы мал азығын дайындау жоспары 96 пайызға орындалыпты. Дегенмен шаруалар қағаздағы деректің малға азық болмайтынын жақсы біледі. Олар енді төрт түліктің санын азайтып, мал басын ықшамдауға кіріскен.

Е. Карин