$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Кәріз жүйесі 10 жылдан бері шешілмей келеді

AstanaTV
30.09.2020ж. 20:30
3416
Кәріз жүйесі 10 жылдан бері шешілмей келеді

Павлодардағы шағын ауданға кәріз жүйесін салу үшін қазынадан 520 млн теңге жұмсалған. Бірақ жұмыс әлі аяқталмаған. Ал, тұрғындар болса оның сапалы жүріп жатқанына күмәнмен қарайды. 10 жылдан бері шешімін таппаған мәселе халықты әбден мезі еткен. Жерасты суынан жапа шеккендер бүгін тағы шу көтерді. Олар жертөлеген жиналған судан баспаналары құлап қала ма деп қауіптенеді.

Василий Афанасиевтің 2-ші Павлодар шағын ауданында тұрып жатқанына 20 жылға жуықтаған. Таңмен таласа тұрып, жертөледегі жиналған кәріз суын насоспен тазалайды. Оның күндегі тіршілігі осы. Әйтпегенде, үйін су басып кетуі мүмкін.

Василий АФАНАСИЕВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Орталық кәріз жүйесі жұмыс істемейді. Соның кесірінен жертөлемізге су жиналады. Күніне екі-үш уақыт жертөледегі суды насоспен сорғызам. Басқа амал жоқ. Жерасты су жиі көтеріле береді. Үйіміз құлап қала ма - деп осындай амал қолдануға мәжбүрмін.

Биыл осы ауданға кәріз жүйесін салу үшін қазынадан 520 млн теңге жұмсалыпты. Жоспар бойынша биыл мәселе толықтай шешілуі тиіс. Алайда, қомақты қаржыға құбыр тартылғанмен, іске қосылмаған.  

Сақинат МАҒЗҰМОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бізге, әлі іске қосылмаған жаңа кәріз құбырына қосылуды ұсынып отыр. Біріншіден, ол  дұрыс салынбаған. Біздің үйден келетін құбырмен олардың тартқан құбырының арасы жер мен көктей. Біздікі терең жатыр. Олардың құбыры біздің құбырдан өте жоғары орналасқан. Енді қалай қосыларымызды білмейміз. Қалай болса солай сала салған.

Тұрғындардың айтуынша, жаңа құбырға қосылу үшін, шамамен 400 мың теңге қажет. Мұны көпшіліктің қалтасы көтермейтін сыңайлы. Қыс жақындаған сайын тұрғындардың көңілі алаң. Құбыр іске қосылмаса, судың астында қаламыз ба - деп қорқады.

Айнаш СҮТБАЕВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл кәріз жүйесі дұрыс салынбады деп ойлаймыз. Өйткені, құбырды салу кезінде көптеген ақаулар шығып, құбырлар жиі жарылып жатты. Ал қыста осындай апатты жағдай болса, біз қайда барамыз. Содан қорқамыз. Сондықтан, Нұр-Сұлтаннан арнайы мамандар шақыртып, құбырдың дұрыс салынғанына кепілдік берсін деген талабымыз бар.

Ал жергілікті атқамінерлер құбырда ақау болғанын мойындады. Осының кесірінен кәріз жүйесінің уақытында іске қосылмағанын айтты.

Сәкен ТӨЛЕГЕНОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:


Құбырды тексеру кезінде қатты қысым болғандықтан, су сорғызу құрылғылары істен шықты. Қазір насостарды ауыстырып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіліп жатыр. Іске қосылатын болады.

Бас маман қалпына келтіру жұмыстары қашан аяқталатынын дөп басып айта алмады. Онысын қызметке енді ғана келгенімен байланыстырды.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Соған қарағанда 2-ші Павлодар шағын ауданы тұрғындарының күтуден басқа амалы жоқ. Айтып өтейін, базыналы халықтың бұл мәселені шеше алмай келе жатқанына 10- жылға жуықтады.  

Ө. Қуанар