Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

АҚШ президенті Дональд Трамп алғаш рет БҰҰ Бас ассамблеясында сөз сөйледі

AstanaTV
20.09.2017ж. 20:00
3213
АҚШ президенті Дональд Трамп алғаш рет БҰҰ Бас ассамблеясында сөз сөйледі

АҚШ президенті Дональд Трамп алғаш рет БҰҰ Бас ассамблеясында сөз сөйледі. Және бұл оқиға көптеген дау-дамайға түрткі болды. Трамп Солтүстік Кореяны сынның астына алды, Иран мен Венесуэлаға да тиісті. Оның бұл сөздері жауапсыз да қалмады, әрине. Николас Мадуро Трампты «жаңа Гитлер» деп атаса, Солтүстік Кореяның БҰҰ ндағы тұрақты өкілі залдан шығып кетіп, қыр көрсетті. Толығырақ алдағы бейнематериалда.

Дональд Трамптың Бас ассамблеядағы дебютін әлемдік ақпарат құралдары іліп әкетті. Ақ үй басшысы өзге мемлекеттер жайлы өткір эпитеттерді аямаған. Бұлар, әлбетте, АҚШ-тың мүддесіне қайшы келетін мемлекеттер. Ұйымға мүше 193 елдің өкілдері АҚШ президентінің сөзін түгел тыңдады. Тек КХДР тұрақты өкілі Трамп мінберге бет алғанда, залды тастап шықты. Ол дер кезінде кетіпті. Америка көшбасшысы өз еліне қауіп-қатер тудырған жағдайда, Солтүстік Кореяны түбірімен жоямын деп салды.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Бір де бір ұлт олардың ядролық қарумен және зымырандармен қаруланғанын жақтамайды. Бізде күш те, сабырлылық та жетеді, алайда егер қорғану қажет болса, Солтүстік Кореяны толықтай жойып жібергеннен өзге амал қалмайды. Қауқарымыз бұған жетеді. Ракета адам өзін өзі өлтіретін миссияға кіріскендей. Бірақ әлі де бұған бара қоймас деп ойлаймын.

«Өз азаматтарының құқығын сыйламайтын» келесі мемлекет ретінде Иран аталды. Трамптың ойынша, бұл ел мұнай саудасынан түскен қаржыны Йемендегі азаматтық соғысты тұтату мен Таяу Шығыстағы бейбіт өмірді бұзу үшін пайдаланады. Ал Тегеран мен алтылық  арасындағы ядролық келісімді "ең нашар" мәміле деп атады.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Иран демократиясының артында диктатура жасырынып жатыр. Біз ядролық қару құру жұмысын жасыратын уағдаластықты ұстана алмаймыз. Иран үкіметі террористерді қолдауды тоқтатып, өз халқына адал қызмет етуі керек.

Бұған жауап ретінде Иран сыртқы істер министрі Twitter парақшасында «Трамптың сөзі елеп ескеріп, жауап беруге тұрарлық емес» деп жазды. Трамп  өз мемлекетінің экономикасына қатысты да біраз мәселені айтты. «Жұмыссыздық ең төменгі деңгейге жеткенін мәлімдеді. Сондай- ақ АҚШ бейбітшілік сүйгіш ел, өзгелерге өмір сүру салтын таңудан аулақ» дегенді алға тартты. Алайда, бұл сөзіне қарама қайшы келетін пікірді де келтірді.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Венесуэла халқы аштықтан қалжырады, мемлекет қирап жатыр. Демократиялық институттар бұзылуда, бұған қарап тұра алмаймыз. Көрші әрі дос ретінде айтарым, бәріміздің мақсатымыз бір - олардың өз еркіндігін, өз мемлекетін және демократиясын қайтаруға көмектесуіміз керек.

Трамптың мұнымен нақты не айтқысы келгені белгісіз. Әлем әлі күнге дейін Вашингтонның Ливия, Ирак және Таяу Шығыстағы басқа да мемлекеттерге демократияны қалайша енгізгенін ұмыта қойған жоқ. Венесуэла сыртқы істер министрлігінде америка президенттің сөзі халықаралық құқыққа қайшы келеді деген тұрғыда мәлімдеме жасады. Ал Николас Мадуро Трампқа «жаңа Гитлер» деп ат қойды.

Николас Мадуро,  Венесуэла президенті:

Өзін әлемның иесі санайтын, халықаралық саясаттағы жаңа Адольф Гитлердің, яғни мистер Дональд Трамптың басқыншылық сөзі Венесуэла халқына қарсы бағытталды. Бірақ бізді ешкім қорқыта алмайды.

Трамптың сөздері негізінен бірқатар елдерді сынау мен орынсыз шабуылға бағытталды.  Ол Кубаға да тиісті.  Бостандық аралы АҚШ-тың санкцияларынан құтылу үшін тың реформалар енгізу керек деді. Ал сарапшылар  бұл дебют Ақ үйдің сыртқы саясатының бағытын айқындайды деп отыр.