$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Жамбыл облысында полиция қызметкерлері арасында атыс болды

AstanaTV
20.10.2020ж. 20:00
3162
Жамбыл облысында полиция қызметкерлері арасында атыс болды

Жамбыл облысында полицейлер атысып, бір қызметкер қаза болды. Тәртіп сақшылары арасындағы теке-тіреске есірткі бизнесі себеп болған. Келтірілген деректерге қарағанда, бір топ полиция қызметкерлері Шудан есірткі заттарын тасымалдаумен айналысыпты. Мұны, ішкі қауіпсіздік қызметі біліп қалып, қылмыстың жолын кеспек болған. Шудағы түнгі атыс жайлы Берік Жумабайұлы тарқатады.

Тәртіп сақшыларының түнгі атысы осы маңда болған. Полициядағы ішкі қауіпсіздік басқармасы үш әріптесінің ізіне түскен. Олар, Шудан есірткі заттарын жинап, Құмөзекке апарып сатып кәдімгі бизнес жүргізген көрінеді. Қылмысқа барған әріптестерін ұстау мақсатында ішкі қауіпсіздік қызметкерлері Шу-Тараз тас жолын жапқан. Алайда, күдіктілер оны сезіп қалса керек. Арты, атысқа айналды.

ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Атыс қаруымен қаруланған автокөліктегі үш күдікті қатты жылдамдықпен қуғыншылардан сытылып кетпек болған. Полицейлер аспанға ескерту жасап оқ атса да – күдіктілер құлақ аспаған, бұдан соң көлік құралын тоқтату үшін қызметтік қару қолданылды. Үш адамның екеуі атыс жарақатын алып, нәтижесінде, олардың біреуі медициналық мекемеде көз жұмды.


Ай даладағы атыс Құмөзекке дейін естілген екен. Ауыл тұрғындары, абдырап қалғандарын айтады.

БЛИЦ:

Кешке таман осындай бір оқиға болды. Машина төңкеріліп, милициялар келіп жатқан. Атыс болды.

Күдікке ілінген тәртіп сақшыларының екеуі оқ жарақатын алған. Біреу ауруханада көз жұмды. Екіншісіне хирургиялық ота жасалды. Қазір ол емделіп жатыр.

Нұрбол ЖОЛДАСОВ, ШУ ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Оқ жарақатын алған. Жамбас қуысынан кірген оқ, қуыққа келіп тірелген және оң жақ сирағына оқ тиген. Осы себепті ол кісіге ота жасалды ауруханада. Қуықтағы оқ алынды, қансырау тоқтады. Жағдайы бүгінгі таңда тұрақталды. Өміріне ешқандай қауіп жоқ.

Ал, үшінші күдікті қамауға алынды. Олардың көліктерінен 4 қап кептірілген марихуанаға ұқсас өсімдік заттары табылыпты. Белгілісі күдіктілердің үшеуі де Шоқпар станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері болған. Бұрынғы полицейлерге қатысты қылмыстық іс қозғалып тергеу амалдары басталды.

Б. Жұмабай