Астанадағы
«Сказочный мир» кешенінің тұрғындары өз өмірлері үшін алаңдаулы. Олар үйдегі
2005-ші жылы шыққан лифтілердің бір күнде 2013-ші жылғы болып өзгеріп кеткенін
байқапты. Мәселенің мән-жайын анықтамақ болғанда, қызмет көрсетуші компания: «Еш
өзгеріс жоқ, лифтлер 2013-ші жылы шыққан», - деп жауап береді. Құлақпен
естігендеріне емес, көзбен көргеніне көбірек сенетін тұрғындар жедел сатыларға
жалған құжат дайындалған ба деп күдіктенеді. Тұрғындардың наразылығын Дәуренбек
Бақдәулет тыңдап қайтқан болатын.
Қазір
лифтінің құжаты өзгерген, номер мен шығарылған жылы да өзгерген. Бұрын 2005-2006-шы
жылы шыққан деп тұрған болатын.
Мен бұл ақпаратты жоққа шығарғым келеді, менде
лифтінің құжаты бар.
Қос тараптың арасындағы дау-дамайдың ушыққанына бірталай
уақыт болған. Тұрғындар жедел сатының бір күнде қалай 8 жылға жасарып шыға
келгенін түсіне алмай дал. Лифтіге жалған құжат жасалған деп күдіктенеді.
Ертеңгі күні ескі лифт істен шығып жатса, оған кім жауапты болмақ,- дейді.
Мира
Баймолдинова, «Сказочный мир» ТК тұрғыны:
Біз қазір сотқа дайындалып жатырмыз. Ал құрылыс компаниясының басшылары тарапынан психологиялық қысым көріп жатқанымыз тағы бар. Бізді жұмысымыздан қудырып, 10 млн теңге көлемінде моральдық шығын өндіреміз депті. Күнде қоңырау шалып, смс хабарлама жазады.
Тұрғын үйге қызмет көрсететін «Шар құрылыс» компаниясының өкілдері болса «өзгерген ештеңе жоқ» дегеннен танбай отыр. Сөзімізге дәлел болатын құжаттарымыз да бар дейді. Тіпті 13-ші қыркүйек күні тұрғындардың шағымына сай тексеріс жүрген.
Ақан Ағжанов, «Шар құрылыс» ЖШС өкілі:
Мұнда бұрын қандай таблица тұрғанын мен айта алмаймын. Тек мынаны айтқым келеді. Тұрғындардың өтініші бойынша тұрғын үй инспекциясының тексерісі өткен. Осы үйді және көрші орналасқан кешенді қарап, бір ғана кемшілік тапты. "ТКШ өз есебі жайлы тұрғындарын құлағдар етпеген" деген. Қалғанының барлығы дұрыс. Құжаттармен дәлелденген.
Тұрғындар болса бақылау камераларына түсіп қалған бейнежазбаны дәлел ретінде алға тартады. Ол жазбада белгісіз азаматтың лифтіде әлденені ауыстырып жатқаны байқалады. Мұнан бөлек лифт шығарушы Оңтүстік Кореядағы компанияға сұраныс жіберіп, осы сериядағы лифтлердің 2005-2006-шы жылы шыққаны туралы анықтама алған. Мамандар лифт шығарушы компанияның оған 25 жыл кепілдік беретінін айтады. Әр жыл сайын, кей жағдайда тоқсан сайын қосымша жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырады. Ал, лифтінің жылының өзгеріп кетуін байқамаған.
Мақсат Абылов, Астана қаласы ТҮКШ газотехникалық бөлім инспекциясының жетекшісі:
Кез келген қауіпті техникалық құрылғы бір жыл ішінде тиісті орнына орнатылмаса, онда техникалық байқаудан өтуі керек. Оның шыққан мерзімі өзгеріссіз қалады. Яғни бұрын қолданыста болды ма, жоқ па - бәрі бір, зауыттан шыққан күні, құрылғының шыққан мерзімі болып есептеледі.
Тұрғын үйге қызмет көрсетуші компания мен осы үйде тұратын адамдар арасындағы түсініспеушілік уақыт өткен сайын ұлғайып бара жатқандай. Тараптардың тағы бір келіспеушілігі көлік қоятын орынға байланысты туындаған. Тұрғындар осы аумақтың көлік жуу орнына айналып кете ме деп қауіптенеді. Компания өкілдері, оған заңдық тұрғыда тұрғындардың келісімі қажет емес, құжаттарымыз түгел деп отыр.
Дәуренбек Бақдәулет, тілші:
Осы
оқиға да еріксіз биылғы жылдың 13-ші сәуірінде «Эдем палас» ТК де болған оқиға
еске түседі. Онда 6 ересек және 2 кішкентай бала отырған лифт үзіліп, төменге
жүйткіген. Абырой болғанда, зардап шеккен ешкім жоқ болатын. Ал мына үй тұрғындары әлгі видеоны
көрсетіп, полицейлерді де шақырған. Бірақ қылмыс ізі байқалмады деген жауап
алыпты. Тұрғындар енді соттасқаннан басқа амал жоқ дейді.