Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Ақтөбеде қыс басталмай жатып, қазандықтары істен шыққан

AstanaTV
26.10.2020ж. 20:00
1743
Ақтөбеде қыс басталмай жатып, қазандықтары істен шыққан

Ақтөбеде "Нұрлы Жер" мемлекеттік бағдарламасымен пәтер алған, 400-ге жуық тұрғын жылусыз отыр. Батыс -2 шағын ауданындағы көпқабатты екі үйдің автономды жылу қазандықтары жазда істен шыққан. Күн суытқалы, электр пеш қосып күнелткен жұрт, бүгін жиналып шу көтерді. Олар жаздан бері саусағын қимылдатқан атқамінер болмағанына айтып, арызданды. Газ пешін қосамыз деп уланып та қалдық дейді. Амалы таусылған бұқараның жанайқайын әріптесім Бақыт Рахметова жеткізеді.  

Жансая Айтқанова бұл үйге үш жыл бұрын көшіп келген. Содан бері бір рахатын көрмедім дейді. Айтуынша жиі сөнетін жарыққа, енді жылу қосылыпты. Қазір пәтерде жылу жоқ.

Жансая АЙТҚАНОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Міне ноябрьдің басы басталды. Әлі отопление жоқ. Балалар күн ұзаққа аяқ киіммен жүреміз. Диванның үстінен түспейміз. Көрпе барлығын жайып қоямыз. Пол салқын.

Дәл осындай күйді, көпбаттты екі үйдегі 400-ге жуық пәтерде тұратындар бастан кешіп жатыр. Дені көпбалалы аналар, мүгедектер мен мемлекеттік қызметкерлер. Баспананы олар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен алған. Шаршы метрін 221 теңгеден, 20 жылға несиеге рәсімдегендерін айтты.

Гүлшат БАҒЫБЕРГЕНОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Міне ақша жинап халық өз несімен шықпақ. Ол дұрыс емес. Үкімет не үшін бердіңдер мына үйді 20 жылға. Не үшін? Халық кредит төлей ма әлде ком услуга төлей ма?!  Күн салқындағалы газ қосып жылынбақшы болған тұрғындардың кейбірі отбасымен улы газға уланып қала жаздаған.

Айгүл ЖАППАСБАЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз газ қосқанбыз. Газ қосып төрт комфорын жаққанбыз ғой. Ұйықтап қалғанбыз. Таңертең тұрсақ балаларымыз шенінен құсып, басын көтере алмай. Бірден скорый шақырдық. Уже угар. Больницаға алып кету керек болды.


Жергілікті атқамінерлер жағдайдан хабардар. Қазандық істен шығысымен, уақытша ескі насос әкеліп қондырған. Бірақ ол да ұзаққа бармағанын айтты. Қазандыққа қажетті жабдықты толық ауыстыру үшін, 17 миллион теңге қажет деді. Қазір тендер жариялапты.  

Қуандық ҚАСЫМОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ақтөбе су энержи» мекемесімен бірігіп екі котельныйға дефектный акт жасадық. Жетпейтін құралдарды шығарғанда 14 млн 700 мың теңгеге шықты. Соны бюджеттен бөліп конкурс жарияладық. Жөндеу жұмыстарымен ол 17 млн 700 мың теңге болып тұр. Қазір барлығын жасап бәрін дұрыстап берсек бұл котельныйды Ақтөбе су Энержиға сенімгерлік басқаруға береміз.

Мирас ӘЖІБАЕВ, АҚТӨБЕ қ. ТҮКШ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Конкурстың қорытындысы осы аптада шығады бұйырса. Ұтып алған адам барлық жабдықты әкеліп қондырады.


Шенділердің айтуынша қазандық толықтай бір айдың көлемінде іске қосылады. Ал оған дейін тұрғындарға ескі насостарды жөндеп бермекші. Бірақ оның өзі қашан жөнделіп, жылуға халық қай күні қол жеткізетінін ешкім дөп басып айта алар емес.

Б. Рахметова