$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қараусыз қалған пәтер қаңғыбастардың ордасына айналған

AstanaTV
02.11.2020ж. 20:00
2366
Қараусыз қалған пәтер қаңғыбастардың ордасына айналған

Шымкентте он жылдан бері бос тұрған пәтер, тұрғындардың бас ауруына айналған. Арнамызға телефон арқылы арыз айтқан азаматша, өртеніп кетеміз бе деп қауіптенеді. Өйткені қараусыз пәтер қаңғыбастардың ордасына айналды деді. Әріптесім Айзада Төребекқызы бос тұрған үйді іздеп, жағдайды көзбен көріп келді.

Бос пәтер Шымкенттегі Еңбекші ауданында орналасқан. Екінші қабаттағы қос бөлмелі баспананың есігіне құлып салыныпты. Көршілері түн ішінде әлдекімдер ашып кіретінін айтады. Есік алдында жатқан мына бір бұзылған құлып осыған дәлел секілді. Бет-жүзін көрсеткісі келмеген тұрғынның сөзіне сенсек, мұндай жағдай бірнеше рет қайталанған.

Ал төменгі қабаттағы көршілері, ешқандай шу жоқ деді. Бірақ пәтерге қатысты сауалымызға тулап шыға келді. Сөздерінен ұққанымыз жабық пәтерге көз тіккендер көп. Бұрынғы үй төрайымының айтуынша пәтер иесі он жыл бұрын қайтыс болған. Ол бүгінге 10 млн теңге тұратын баспанасын туысының атына рәсімдеп кеткен. Білуінше заңды мұрагер алпыс жастағы ресейлік азаматша.

Гүлжан ШЕГЕРБАЕВА, БҰРЫҢҒЫ ҮЙ ТӨРАЙЫМЫ:
 
Күн суытса болды сол жерге адамдар жылынуға кіреді сол жерге. Ал бір күні жарып жібермейді дегенге кім кепіл бере алады? білмейм, барлығы сол пәтерді алғысы келеді. Оны пәтерді ешкім ала алмайды. Себебі совственнигі Москвада тұрады. Ермилова Алла Давидовна.

Учаскелік полицей қаңғыбастар қаптады дегенді жоққа шығарды. Ол пәтердің кілті көршілерінде болуы керек деді. Өйткені солар бас-көз болып отырғанын айтты. Ал мұрагерін әлі таппаған.   

Нұржігіт БӨРІБЕКОВ, УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ:

Қыздары бірақ қазір шетелде, Израиль мемлекетіне көшіп кеткен бұрынғы анасымен бірге. Ол қыздарының аты-жөнін, мұрагерлерді анықтау мақсатында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр қазіргі уақытта.  -Нәтиже қалай? -Қазірге нақты нәтиже жоқ. Карантин жағдайына байланысты запростарға ответ келмей жатыр.

Аудан атқамінерлері бұл пәтердің барынан мұрагері хабарсыз дегенге сенбейді. Баспана 2008 жылы су, жарық және көгілдір отыннан ажыратылған. Бұл заңды қожайынның келісімімен ғана жасалатын іс деді шенеунік.

Александр МАЛАХОВ, ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Пәтер Шагинсис Давид деген азаматқа тиесілі болған. Жекешелендірілген. Ол бұрын ажырасқан. Израильге кеткен әйелі және Ресейде тұратын екі қызы бар екен. Марқұм қай қызының атына пәтерді мұрагерлікке қалдырғанын анықтау үшін біз Әділет департаментіне сұраныс хат жолдадық. Заңды иесі кім екенін бес тәулік ішінде анықтайтын боламыз. Ал пәтерде тұру- тұрмау әркімнің өз еркінде.


Қош, қосқабатты үйдегі пәтердің заңды иесі бар-жоғын апта ішінде жергілікті атқамінерлер анықтап беруге уәде етті. Ал, оны тұрақты мекенжайы жоқ адамдар паналап жүр дегенмен еш келіспейді.    

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ:

Жалпы иесіз баспаналардың тағдыры қалай шешіледі? Тұрғын үй басқармасына осы сауалды жолдадық. Олар мұндай жағдай Шымкентте осы күнге дейін 1-ақ рет кездескенін айтты. Оның өзі әкімдіктің шешімімен кезекте тұрған отбасыға бұйырған.

А. Төребекқызы